Грант иегерлері қашан белгілі болады?
Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу және құжат тапсыру күнтізбесі белгілі болды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ұлттық тестілеу орталығы жариялаған ресми кестеге сәйкес, биылғы білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Жоғары білім сатысына қадам басқан талапкерлер үшін маңызды мерзімдер жиынтығы төмендегідей бекітілген:
Негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 10 шілдеге дейін жалғасады;
Жоғары оқу орындарына құжаттарды қабылдау науқаны 20 маусым мен 25 тамыз аралығында жүргізіледі;
«Педагогикалық ғылымдар» және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша оқуға түсушілерге арналған арнайы емтихандар 20 маусым мен 20 тамыз аралығында өтеді (грант конкурсына қатысу үшін 20 шілдеге дейін тапсыру қажет);
Шығармашылық емтихандарға қатысу үшін өтінімдер 20 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады (грант конкурсына қатысу үшін 7 шілдеге дейін).
Ұлттық тестілеу орталығы нақты әрі өзекті ақпараттарды жоғары оқу орындарының ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларынан қайта тексеріп, нақтылап отыруды ұсынады. Айта кетейік, биыл еліміз бойынша негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер өтініш білдірген.