Қарағанды облысы: Өртпен әлі күресіп жатыр, бір адамды күйік шалды
ФОТО: Depositphotos
Depositphotos
Қазақстан жаңалықтары9 қазан 2024, 9:00

Қарағанды облысы: Өртпен әлі күресіп жатыр, бір адамды күйік шалды

Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысындағы дала өрті оқшауланғанын мәлімдеді. Өрт ошағында қызыл жалынмен күрес әлі жалғасып жатыр. Өткен түнде тағы бір адамды күйік шалып, ол ауруханаға жеткізілген. Денесінің 35 пайызы күйген азамат қазір жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ал Павлодар облысына жайылған тілсіз жау толығымен сөндірілген.

Саран қаласында өрт сөндіру кезінде қаза тапқан Қайрат Халидің денесі жер қойнына тапсырылды. 33 жастағы Қайрат Халидің артында аңырап ата-анасы мен үш бауыры қалды. Жаназасына жиналған халықтың қарасы қалың. Жұмысына адалдығы ерлікке теңелген батырды әріптестері де қимастықпен еске алады.

Марғұлан Ысқақов, Саран №24 өрт сөндіру құрылымының бастығы:

— Соңғы кездері маған келіп жұмыстан төрт күнге сұранбақ болып жүріпті. Бірақ сұранған жоқ. Сөйтсем, ол әке-шешесіне өзінің жүріп жүрген қызын әкеліп таныстырмақшы болған екен. Өте шымыр жігіт болатын. Сол төртеудің ішіндегі мықтысы еді.

Түнде денесін күйік шалған тағы бір адам ауруханаға жеткізілді. Өрт сөндіру жасағына өз еркімен қосылған азамат қазір жансақтау бөлімінде. Ал оның алдында күйік шалып ауруханаға түскен төрт адамның жағдайы орташа.

Кешелі бері дала өртінен мал шығыны болып жатқаны жөнінде әңгіме мен мынадай видеолар көптеп тарады.

Алайда өрт құрсауында қалып қойған төрт түлік қырылып қалды деген ақпаратты аудан басшылығы жоққа шығарды. Әділжан Арғынов

Қарқаралы ауданының әкімі:

— Мал шығыны ресми анықталған жоқ. Әкімдік тарапынан жедел желі жұмыс істеп тұр. Өрт шалған аумақтарды егін толығымен алынды. Мал азығын дайындауда жұмыс анықталды. 95 пайызға алынды. Шаруашылық құрылым болсын, жеке адам болсын, шөп жетіспеу мәселесінде көмектесуге дайынбыз.

Қарақаралы ауданындағы Амантай және Айыр ауылдары маңында қызыл жалынмен күрес қызып тұр.

Тілсіз жауды ауыздықтауға таулы, сазды жер мен қатты жел кедергі келтіріп жатыр. Өрт сөндіруге құтқарушылар, еріктілер мен ауыл тұрғындары да көмек көрсетуде. Ақмола, Абай облыстары мен Астана қалаларынан келген сарбаз да от пен түтінін арасында жүр. Ұзын саны 557 адам мен 88 техника күні түні дамыл таппаған.

Барлауға төрт пилотсыз ұшу аппараты мен екі тікұшақ төбеден су шашып жүр. Осы уақытқа дейін 100 тоннадан аса су құйылған. Министрліктің мәліметінше, өрт оқшауланды. Бірақ желден тағы тұтанып кетпеу үшін барлауға баса назар аударылған. Көзді ала бере, бір жағынан шығып кетсе, оқшаулауға тағы тер төгуге тура келеді.

Бүгінге дейін өрт 35 мың гектардан аса жерді жалмап үлгерген.

Қарағанды облысы өртпен күрес Павлодар облысы

Тақырыпқа жаңалықтар