Қостанайда мемлекеттік субсидияны жымқырған 15 адам сотталды
Қостанай қаласында мемлекеттік субсидияларды жымқырып, қаражатты заңдастырған қылмыстық топқа үкім шықты, деп хабарлайды Arbat.Media.
ҚМА мәліметінше, «Beef Export Group» ЖШС басшысы Пархоменко жетекшілік еткен қылмыстық топ субсидияларды заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. Оларға ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғалары, сондай-ақ аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ветеринариялық мамандар көмектескен.
Күдіктілер ірі қара малды сатып алу және оны қайта өңдеу туралы құжаттарды жалған рәсімдемдеген. Нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүйелі түрде субсидия алып отырған.
Қылмысқа заңдылық енгізу үшін жалған бухгалтерлік құжаттар рәсімделіп, олардың негізінде субсидия алуға қайта өтінімдер беріліп отырған. Нәтижесінде мемлекетке 3 млрд теңгеден астам залал келтірілді.
Сот үкімімен ұйымдастырушы Пархоменко А.Г. 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық топтың 14 қатысушысына 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.