«Олимпиакос» футболдан Конференция лигасында чемпион атанды
Футболдан UEFA Конференция лигасының финалында «Олимпиакос» (Грекия) мен «Фиорентина» (Италия) кездесті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Грекия астанасы Афины қаласындағы «OPAP Arena» стадионында өткізілген ойын барысында командалар бірден шабуылға көшті. Дегенмен бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Екінші кезеңде де командалар гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Олардың ойын деңгейі қатарлас болды. Футболшылар көптеген мүмкіндікті пайдалана алған жоқ.
Негізгі кезең 0:0 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты.
Ойынның 116-минутында «Олимпиакос» сапынан Айюб Эль-Кааби ұрымтал сәтте өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Осылайша қарсыласын 1:0 есебімен қапы қалдырған грекиялық клуб чемпион атанды.
Айта кетсек, италиялық клуб екінші жыл қатарынан Конференция лигасы финалына шығып отыр. Былтыр финалда олар Англияның «Вест Хэм Юнайтед» командасына 1:2 есебімен жол берген еді.
Конференция лигасы турнирі 2021 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін «Вест Хэм Юнайтед» және «Рома» (Италия) командалары бір-бірден чемпион атанды.
Сондай-ақ, енді 1 маусымда Чемпиондар лигасы финалында «Реал Мадрид» (Испания) мен «Боруссия Дортмунд» шеберлік байқасады.