Қазақ қызы бокстан екінші рет Ресей чемпионы атанды
Башқұртстан астанасы Уфа қаласында бокстан әйелдер арасында Ресей чемпионаты мәресіне жетті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Ресей бокс федерациясынан алынған мәліметке қарағанда, сегіз күнге созылған додаға 49 өңірден 174 спортшы қатысып, бақ сынады. Омбылық қазақ қызы Салтанат Меденова 81 кг салмақта үздік шықты.
Салтанат жартылай финалда екі дүркін әлем және Еуропа чемпионы, Токио олимпиадасының қола жүлдегері, дағыстандық Зенфира Магомедалиевадан төрешілердің бірауыздан шешімімен айласын асырды.
Соңғы бәсекеде қазақ қызы нижегородтық Евгения Молочкованы үшінші раундта екі рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдылықпен ұтты – 5:0.
«Финалдағы қарсыласыммен осыған дейін үш рет кездесіп, бәрінде де оны қапы қалдырдым. Бүгін төртінші жекпе-жек ауырлау тиетіндіктен, оған тыңғылықты дайындалдым. Ең қиын бәсеке жартылай финалда Зенфира Магомедалиевамен болды. Бұл ұтыс мен үшін өте маңызды еді. Осы чемпионатта мен жеңіске жетуге тырыстым. Өйткені Ресей біріншілігін 2021 жылы ұтқан едім. Ал 2022 жылы қола жүлдені қанағат тұттым», - деді С.Меденова.
Жарыс жеңімпаздарына 1,5 млн рубль көлемінде сертификат берілді.
Салтанат 2021 жылы желтоқсанда Челябіде өткен Ресей чемпионатында жеңімпаз атанып, Омбы әйелдер боксы тарихында алғашқы алтын медальді олжалаған болатын.