Қазақстандық боксшылар Литвадағы халықаралық турнирде 6 алтын жеңіп алды
Литваның Каунас қаласында бокстан Альгирдас Шоцикас атындағы халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті. Финалда 9 қазақстандық боксшы шаршы алаңға шықса, соның алтауы алтын медаль жеңіп алды. 57 келіге дейінгі салмақта Асылжан Серікбай украиналық Денис Роздольскиді екі рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдылықпен ұтты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Ирландиялық Паул Хэйл Джон жекпе-жектен бас тартқандықтан, Жандос Қыдырәлиев (63,5 кг) тағы бір алтынға қол жеткізді.
Қорғаныста сауатты қимылдап, шабуылда ширақтық танытқан Елнұр Сүйінбай (67 кг) Польша өкілі Кирилл Глобенкодан айласын асырды.
Фарух Тоқтасынов (71 кг) соңғы бәсекесін де қарқынды өткізіп, украиналық Максим Молоданға еш мүмкіндік берген жоқ.
Азамат Бектас (75 кг) поляк Михал Ярлинскидің әлсіз тұсын тапса, Тұрсынбай Құлахмет (80 кг) ағылшын Рамтин Мусадан бір бас жоғары екендігін көрсетті.
Ал Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг) соңғы айқаста украиналық Иван Завадскийге, Алмат Әбдуәли (60 кг) латвиялық Матвейс Прокудинске, Абзал Құттыбеков (86 кг) ағылшын Исаак Охоға төрешілер шешімімен жол берді.
Осылайша, қазақстандық боксшылар аталмыш жарыста 6 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды. Бұған дейін Даниял Сәбит (51 кг) пен Аманат Сабырғали (+92 кг) қоламен шектелген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын тоғыз боксшымыздың Литвадағы халықаралық турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.