Қазақстан жаңалықтары30 қараша 2023, 10:00

Мектеп оқушысы зағиптарға таяқ жасап шығарды

Абай облысы Аягөз қаласындағы мектепте 8-сыныпта оқитын Ералы Ибраевқа зағип жандарға алдындағы кедергілерді анықтап, соғылып қалуын болдырмайтын құрылғы жасап шығарды, - деп хабарлайды Arbat.media.

. Ерекше таяқты жасауға информатика пәнінің мұғалімдері Алтынай Әбілқасымқызы мен Арайлым Ысқақова жәрдемдескен деп жазады Kazinform.

Ералы Ибраев көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының 8А сыныбында оқиды. Көру қабілеті нашар адамдарға жәрдем еткісі келген жас өнертапқыш арнайы датчиктері бар таяқ жасап шығуға бел байлаған. «Электронды жетекші» деп аталған жобаны іске асыруға 2 ай уақыт кетіпті. Соның нәтижесінде, зағип жандарға арналған ерекше таяқ жасалып шықты.

«Бұл құрылғы негізінен Arduino платасынан, ультрадыбыстық және зуммер датчиктері мен батареядан тұрады. Осы датчиктерді бір-бірімен байланыстырып, жасадым. Ұстаздарым «С++» бағдарламасында программасын құруға көмектесті. Құрылғыны қолға алған зағип жандар алдағы кедергілер туралы ескертіліп, соғылып қалмайды», - дейді Ералы. 

Өз сөзінде ол құрылғының жасалу барысын да айтып берді. Ең әуелі Arduino платасы мен ультродыбыстық датчик арасында байланыс болу үшін екеуін сымдар арқылы жалғаған. Ол кедергілерді көруге мүмкіндік береді. Келесіде соғылып қалу қаупін ескерту мақсатында дыбыс шығаратын зуммер датчигі қосылған. Қуат беріп отыратын батарея салынды. Содан кейін компьютерде «Arduino» қосылып, «C++» тілінде программасы жазылды. Компьютер мен жасалған машина USB шнурмен жалғанып, жазылған программа электронды жетекшіге жүктелді. 

«Заманауи таяқтың басқа да мүмкіндіктері бар. Мәселен, құрылғыны зуммер датчигі арқылы дыбыстық нұсқаулар беретін және пайдаланушыға қажетті орынды табуға көмектесетін мобильді қолданбаларға, смартфондарға байланыстыруға болады. Одан кейін таяқ объектілерді де таниды. Компьютерлік көру технологиясы қоршаған ортадағы түрлі нысандарды анықтауға көмектеседі», - дейді жас өнертапқыш. 

Алдағы уақытта зағип жандарға арналған заманауи таяқты сатылымға шығару жоспарланып отыр. 

Ералы Ибраев Аягөз зағиптар таяқ

Тақырыпқа жаңалықтар