Қазақстан жаңалықтары20 наурыз 2024, 18:24

Насыбайдың зияны: Ішек инфекциялары, психиканың бұзылуы, обыр

Елордалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-нарколог дәрігері Анар Тастамбекова насыбайдың адам ағзасына қандай зияны бар екенін түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстанда шамамен 29% адам өмірінде бір рет болса да насыбай қолданып көрген, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Насыбай құрамында темекі тозаңы, сілті, өсімдік күлі, өсімдік майы, тауық немесе түйе көңі, марихуана және басқа ингредиенттер бар. Насыбай құрамының негізгі ингредиенті темекі болғандықтан, зат ағзаға жойқын әсер етеді. Егер шылымнан өкпе қатты зардап шегетін болса, насыбайды қолданғанда негізгі соққы асқазан-ішек жолдары мен ауыз қуысының шырышты қабығына түседі. Қоспаның бір дозасында бірнеше темекі дозасы болғандықтан, насыбай адам ағзасына анағұрлым зиянды», — деді А. Тастамбекова.

Маманның айтуынша, насыбай қоспасының құрамында түйе көңі немесе тауық көңі жиі кездесетіндіктен, насыбай тұтынатындар көбінесе ішек инфекцияларын немесе паразиттерді жұқтырады.

«Көбінесе мұндай жағдайларда вирустық гепатиттер де дамиды. Насыбайды ұзақ уақыт қолданғанда тілдің, еріннің, көмейдің қатерлі ісігі, тістің бұзылуы, психиканың бұзылуы, ағзалардың ішкі аурулары және бедеулік сияқты ауыр зардаптар болуы мүмкін», — деді дәрігер.

Айта кетейік, елордада тыныс алу органдары ауруларының жиілігі жалпы сырқаттанушылық құрылымында көш бастап тұр.

Өткен жылы тыныс алу органдары ауыратын 450 мың адам тіркелген.

насыбай Денсаулық зиян

Тақырыпқа жаңалықтар