Оңтүстіктен солтүстікке көшкісі келетіндер қатары көбеюде
Елімізде соңғы жылдары Солтүстікке көш жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл республика бойынша 7050 квота бөлініп, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгіленді. Соның ішінде биылғы 9 айда Түркістан өңірінен 300-дей отбасы, яғни 1200-ге жуық жан қоныс аударған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген өкілдермен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев кездесті. Жиын барысында көші-қон мәселесі мен арнайы бейімделу орталығын ашу жайы жан-жақты талқыланды.
— Бүгінде мемлекет тарапынан еңбек күші артық өңірлерден тапшы өңірлерге қоныс аудару процесі жүріп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, біздің өңірде 2 миллион 200 мыңға жуық тұрғын бар, яғни халық саны тығыз орналасқан. Демографиялық өсім де жоғары. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы өңірдің негізі проблемаларының бірі болған жұмыссыздық деңдейін азайту және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтерудің барлық мүмкін болған бағыттарын қарауды тапсырған болатын. Аталған көш жұмыссыздықты оңтайландырудың негізгі бағдарламаларының бірі деуге болады. Солтүстік Қазақстан облысында да өзге 6 облыспен қатар қоныс аударушыларды қабылдау бойынша іс-шаралар іске асырылуда. Ол жаққа көшіп барушыларға біраз уақытқа дейін жан-жақты қолдау қажет. Сіздер ұсынып отырған бейімдеу орталығы ұтымды шешім болмақ. Бұл бастаманы кәсіпкерлер мен демеушілердің тікелей қолдауымен жүзеге асыруға болады деп ойлаймын. Бұл мәселе күн тәртібінен түспеу керек, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласының Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығының жетекшісі Әнуар Тоқпан осы бағытта солтүстік өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша алғаш рет оңтүстік аймақтардан тұрғындарды көшіру жобасы 2015 жылы басталған. Алайда пандемия жылдары үзіліп, былтырдан бастап қайта қолға алынған. Тәуелсіздік алған жылдары 1 миллионға жуық болған өңірде бүгінде 530 мың ғана тұрғын бар. Солтүстік Қазақстан облысына жыл басынан бері ел аумағынан 412 отбасы, яғни 1200-ден астам адам қоныс аударып, 70 отбасы 125 қандастарды қабылдаған.
«Тәуекел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бурахан Дақанов алдымен қуанышты жаңалық жеткізді. Таяуда өткен ұлттық мереке қарсаңында аталған облыста 5 ана «Алтын алқа» алса, оның 3-уі Түркістан облысынан көшіп барғандар екен. Қоныс аударушылар үшін мемлекет отбасының әрбір мүшесіне 258 440 теңге мөлшерінде материалдык көмек көрсетеді, дегенмен көші-қон мәселесін оңтайландыру үшін бұл соманы көбейту қажет деп санаймын дейді ұйым жетекшісі. Сонымен қатар, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге жәрдем беріледі. Одан бөлек, білім алуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Ал былтырдан бастап көшіп барған азаматтарға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін оның құнының 50 пайызын беру көзделіпті.
Аталған ұйым жетекшілері облыстың аудан, қалаларында кездесу өткізіледі. Бұған дейін Сайрам мен Ордабасы ауданында және Түркістан қаласында өткен кездесу Арыс қаласында, Шардара мен Мақтаарал, Жетісай мен Келес, Сарыағаш пен Қазығұрт ауданында жалғасады. Онда жұмыс іздеп солтүстікке көшкісі келген тұрғындар көкейдегі сауалдарын қойып, «Мансап» орталықтарында жан-жақты мағлұмат ала алады.
Айта кетейік, биыл жыл басынан бері облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасымен екі рет Түркістан облысынан ерікті қоныс аударушыларға арналған «Қоныс аудару» жәрмеңкелері өткізіліп, оған Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты. Нәтижесінде қоңыс аударуға қызығушылық танытып, ниет білдіргендер қатары көбеюде.