Қазақстан жаңалықтары16 шілде 2024, 12:00

Өзбекстандағы қазақ жазушыларының кітабы жарық көрді

Өзбекстандағы бірқатар қазақ жазушысының кітабы жарық көрді. Өзбекстан Жазушылар одағының ғимаратында өткен кітаптың тұсаукесер салтанатына осы елдегі белгілі қаламгерлер, журналистер және қазақ-мәдени орталығының төрағасы және мүшелері, Өзбекстандағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы қатысты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Оқырманға жол тартқалы отырған 3 туынды да қазақ-мәдени орталығының қаржыландыруымен жарық көрген, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Оның алғашқысы – Өзбекстандағы белгілі қазақ жазушысы Сапарбек Иманбековтің «Достарымыз жырлайды» кітабы. Автор 4 ұлттың әдебиет жауһарларын қазақ тіліне аударған.

«Өзбекстан Жазушылар одағында жаңа туындылардың тұсаукесері өтіп жатыр. Мен биыл үлкен іске кірістім. Атап айтқанда, өзбек, орыс, қарақалпақ және қырғыз тілдерінен белгілі қаламгерлердің өлеңін қазақ тіліне аудардым. 44 жыл мектепте жұмыс істеген адаммын, тиісінше балаларға өте жақынмын. Сондықтан біздің қазақ тілді бүлдіршіндеріміз өзге ұлт өкілдері жазушыларының еңбегімен таныссын деген мақсатта осы кітапты шығарып отырмын. Бұған қоса, ұлттар арасындағы достық нығая түссін деген ойым болды», - деді Сапарбек Иманбеков.

Автор атап өткендей, «Достарымыз жырлайды» туындысы жастарды отаншылдыққа, адамгершілікке үндейді.

Сонымен қатар тұсаукесері өткен тағы бір еңбек – «Қайран дүние». Ол – Өзбекстандағы белгілі қазақ жазушысы, 18 кітаптың авторы Абдулла Рүстемовтің туындысы.

«Осы кітапқа жан-дүниемді, бүтін өмірлік тәжірибемді салып жаздым. Оның ішінде қазақ мектептерінде оқып жатқан балаларға арнап жазған тәрбиелік сипаттағы өлеңдерім топтастырылды. Мен көбіне ата-ана, Отан, адамгершілік және болашақ туралы ой толғадым, ақыл-кеңесімді қостым. Өзімнің бар білген-көргенімді өлең арқылы жастарға мұра еткім келді», - деп тоқталды Абдулла Рүстемов.

Оның айтуынша, бүгінде үкімет және Өзбекстандағы қазақ-мәдени орталығы тарапынан баспа саласына қолдау артқан.

«Қазақ-мәдени орталығы кейінгі 7-8 жылда 40-тан астам кітаптың жарық көруіне жәрдемдесті. Мұндай бұрын-сонды болмаған. Осындай ілкімді істер жалғасады деген сенім мол», - деп түйіндеді Абдулла Рүстемов.

Бұған қоса, журналист, тележүргізуші Рахила Мансұрованың 80 жас мерейтойына орайластырылған «Өрлеу» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Қазақ-мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов атап өткендей, аталған еңбектердің барлығы Өзбекстанның түпкір-түпкіріндегі қазақ мектептеріне таратылмақ.

 

Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ жазушылары кітап тұсаукесер

Тақырыпқа жаңалықтар