Қазақстан жаңалықтары16 мамыр 2024, 19:37

ШҚО-да әжелерге ескерткіш орнатылады

Өскемен қаласында әжелердің құрметіне арналған алғашқы «Әже» монументалды ескерткіші орнатылады. Бұл туралы «Әжелер алқасы» облыстық форумында белгілі болды. Өскемен қаласында әжелердің қатысуымен облыстық форум өтті. Бұған дейін өңірде ардагерлер алқасының жанынан «Әжелер алқасы» кеңесі құрылған болатын. өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев әжелердің отбасы институтын нығайтуға қосатын үлесін айрықша атап өтіп, оларды бағалау керек екенін жеткізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.  

«Біз әкесін құрметтеген, анасын ардақтаған халықпыз. Сондықтан бүгінгі іс-шараның мәні мен мағынасы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек» деп атап өткен болатын. Бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған аға буынға біз әрқашан қарыздармыз. Құрамында 120 мыңнан астам қариясы бар облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Әжелер алқасы» құрылды. Асыл әжелеріміз салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, отбасылық құндылықтарды нығайтып, салт-дәстүрді насихаттап жүр. Әжелер алқасы облыстың әр қаласы мен ауданында жұмыс істейтін болады. Ақ жаулықты аналарымыздың бастамаларын толығымен қолдаймыз. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру жолында жастармен жүйелі жұмыс жүргізу өте маңызды. Ұлы Абай атап өткен «Пайда емес, арды ойлайтын» ұрпақ тәрбиелеуде асыл аналарымыздың орны ерекше. Барлық ана мен әжеге құрмет көрсете отырып, біз Өскеменде «Әже» монументалды ескерткішін орнатамыз», - деді аймақ басшысы.

Ермек Көшербаев атадан балаға мирас болып қалған ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ардагерлер кеңесінің жанынан өскелең ұрпақты ұлттық қолөнердің дәстүрлі түріне баулитын бөлімдер ашуды ұсынды.

«Бала тәрбиесіндегі қазақтың озық үлгісі – ата-әже тәрбиесі еді. Осыны ескере отырып, ақсақалдар мен әжелер ұлттық көлөнер шеберлігінің қыр-сырын жастарға үйрететін, ұмыт қалған игі дәстүрді жаңғыртатын бөлім немесе орталық құруымыз керек. Аға буынның өнері, мектебі, өнегесі – бүгінгі қоғамға керек баға жетпес байлық, бойға терең сіңіретін таптырмас тәрбие құралы», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Форум барысында облыстың қоғамдық өміріне үлес қосқан аға буын өкілдеріне «ШҚО құрметті ардагері» төсбелгісі табысталып, олар Алғыс хаттармен марапатталды.

«Форумға шақырту түскен соң ойланбастан келісімімді бердім. Себебі осындай іс-шаралар аса қажет. Ұрпақ тәрбиесі отбасынан басталады. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді. Сол қазынаны өзімізбен бірге алып кетпей, жас буынмен бөлісуіміз қажет. Біз кітапханаға, мектептерге, университеттерге, қарттар үйіне барып түрлі іс-шараларға қатысып келеміз. Қайырымдылыққа да атсалысып, мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз. Ең бастысы – мейірімділік. Бір-бірімізге мейірімді болып, қуаныш сыйлап жүрейік», - деді 12 немере, 3 шөбере сүйіп отырған әже Раиса Жакубаева.

ШҚО әжелерге ескерткіш Өскемен

Тақырыпқа жаңалықтар