Бал арасы шаққан миллиардер тіл тартпай кетті

15 маусым 2025 13:45 / Мир

Поло ойыны кезінде әйгілі миллиардер Санджай Капур қаза тапты, деп хабарлайды Arbat.Media BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 

Daily Mail басылымының мәліметінше, Англияда поло матчы кезінде үнді текті миллиардер, ханзада Уильямның жақын досы Санджай Капурдың өмірі қиылды. Оқиға спорт алаңында, командаластарының көз алдында болған.

Алдын ала нұсқаға сәйкес, Капурдың аузын бал арасы шаққан. Бұл анафилактикалық шок тудырып, жүрек талмасына әкелген болуы мүмкін. Медициналық көмек дереу көрсетілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Санджай Капур – әлемдік автокомпонент индустриясында жетекші компаниялардың бірінің директорлар кеңесінің төрағасы болған беделді кәсіпкер. Оның тосын өлімі Ұлыбритания мен Үндістанда қызу талқыға түсті.

Ресми мәліметтер әлі нақтыланбаған, дегенмен қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.

Серіктес жаңалықтары