Белградта шерушілер әкімшілік ғимаратын басып алуға тырысуда

25 желтоқсан 2023 2:30 / Мир

«Сербия зорлық-зомбылыққа қарсы» оппозициялық блогының жақтастары осы сәтте Белградта қала әкімшілігінің ғимаратына күшпен кіруге әрекеттеніп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы ТАСС тілшісі оқиға орнынан мәлім етуде. 

Аталған оппозициялық блогтың жақтастары Белград орталығында орналасқан Республикалық сайлау комиссиясы ғимаратының жанында 18 желтоқсан күні кешке митингілер сериясын бастаған болатын.

Бүгін демонстранттар жергілікті әкімшіліктің есігін флагштоктың көмегімен бұзып, тастар мен сыраның темір банкілерін лақтырып, терезелерді сындырды.

Ел президенті Александар Вучич халыққа шұғыл үндеу жасап, қала әкімшілігі ғимаратын басып алу әрекеттері революция болып табылмайтынын және құқық қорғау органдары жағдайды бақылауда ұстап тұрғанын мәлімдеді.

«Сербия азаматтары, сіздерге айтарым, көріністер үйрейлі болғанымен, уайымдамаңыздар. Ешқандай революция болып жатқан жоқ, олардың әрекеттерінің бірде-бірі іске аспайды және біз байыпты, бейбіт реакция көрсете отырып, кездейсоқ демонстранттарға кесірі тиіп кетпеуін бақылаудамыз», - деді ол.

Сондай-ақ ТАСС-тың жазуынша, әкімдік ғимаратына кіруге кезекті рет талпынған наразылық білдірушілер тобына қарсы полиция көз жасаурататын газ қолданды.

Еске салайық, 17 желтоқсан күні Сербия парламентіне кезектен тыс сайлау өтіп, онда іс басындағы президент Александр Вучичтің коалициясы жеңіске жетті. Байқаушылар сайлау заңсыз өткенін айтуда. Ал оппозиция митингілер өткізуге көшті.

Серіктес жаңалықтары