Гүлнара Каримованың ісі: Швейцария банкі айыпталуда
Швейцария прокурорлары жеке Lombard Odier банкі мен оның бұрынғы қызметкерін қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатты деп айыптады. Олар Өзбекстанның экс-президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың қылмыстық әрекеттерін жасыруға көмектесуде «шешуші рөл» атқарғанын атап өтті. Бұл айыпты Швейцарияның федералды прокуроры алға тартты. Жұма күні жарияланған айыптау қорытындысында прокурорлар елдегі ең танымал қаржы институттарының бірі Lombard Odier-дің Гүлнара Каримованың жылдар бойы қылмыстық әрекеттерін жасыруға көмектесуде маңызды рөл атқарғанын айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бірақ Lombard Odier бұл айыптауларды жоққа шығарды.Бұрынғы банк қызметкері 2008-2012 жылдар аралығында Lombard Odier-дің «жеке клиенттер» бөлімінде жұмыс істеген және тоғыз банктік шот ашқан немесе ашуды ұйымдастырған деген күдікке ілінген, деп жазды Gazeta.uz сайты Financial Times-ке сілтеме жасап.
Швейцария прокурорларының мәліметінше, Каримова мен тағы бір адам 2005-2012 жылдар аралығында Швейцариядағы The Office деп аталатын қылмыстық ұйымға қатысты деген күдікке ілінген.
— Айыптау қорытындысына сәйкес, тергеулер Швейцарияда жылыстатылған ақшаның бір бөлігі Женевадағы Banque Lombard Odier & Cie SA банктік байланыстары арқылы аударылған деген күдікті растады, - деп жазды SWI swissinfo.
Айта кетейік, бұған дейін Швейцария Гүлнара Каримованың 370 млн доллар активін тәркілегенін жазған едік.
https://kaz.inform.kz/news/gulnara-karimovanin-s-shveytsariya-bank-ayiptaluda-560ab2/