Иранда наразылықтарға қатысқан тағы екі адам өлім жазасына кесілді
Иранның Исфахан қаласында қаңтар айындағы жаппай наразылықтарға қатысты айыпталған тағы екі адамға шығарылған өлім жазасы орындалды. Бұл туралы 28 шілдеде елдің мемлекеттік БАҚ-ы хабарлады. Осылайша Исфаханда осы іс бойынша дарға асылғандардың саны төрт адамға жетті, деп хабарлайды Arbat.Media.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының мәліметінше, Исфаханда қаңтардағы наразылықтарға байланысты барлығы 12 адам өлім жазасына кесілген. Құқық қорғаушылар олардың істері халықаралық әділ сот стандарттарына сай қаралмағанын айтып отыр.
Қаңтарда Иранда билік саясатына қарсы өткен жаппай наразылықтар күшпен басып-жаншылды. Қақтығыстар кезінде шеруге қатысушылар да, қауіпсізік күштерінің қызметкерлері де қаза тапқан.
Иран билігі наразылықтарға қатысқан ондаған адамға өлім жазасын тағайындаған. БҰҰ мәліметінше, осы уақытқа дейін олардың шамамен 20-сына қатысты үкім орындалған.
Құқық қорғау ұйымдарының дерегіне сәйкес, Иранда жыл басынан бері әртүрлі қылмыстық істер бойынша 300-ден астам адам дарға асылған.