“Израиль жазасыз қалмайды”: Иранда қып-қызыл “кек туы” көтерілді
Иранның Құм қаласындағы Жамқаран мешітінің күмбезіне қызыл ту көтерілді, деп хабарлайды Arbat.Media Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Fars басылымының мәліметінше, Иранның шиіт қауымында бұл белгі ауыр қаза немесе саяси-діни шиеленіс кезінде көтеріледі. Мамандардың пікірінше, бұл қадам қатерлі сес көрсету болуы мүмкін.
13 маусымға қараған түні Израиль Ирандағы негізгі әскери және ядролық нысандарға әуе соққысын жасады. Әскери-әуе күштері Натанз аймағындағы әскери базаларға, зымыран кешендеріне және ядролық инфрақұрылымына шабуылдаған.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац елде төтенше жағдай жариялап, Иранның жақында қарымта соққы беретінін ескертті. Ал Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл операцияны «өте сәтті» деп бағалады.
Соққы тек инфрақұрылым нысандарына емес, сонымен қатар жоғары лауазымды әскери тұлғалар мен ғалымдар тұратын кешендерге де бағытталған. Қаза тапқандар арасында Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Хоссейн Салами мен ядролық физиктер бар.
«Біз алғашқы соққыны өте сәтті жүзеге асырдық. Құдайдың көмегімен біз бұдан да зор жетістіктерге жетеміз», — деді Нетаньяху бейнеүндеуінде.
Оның айтуынша, шабуыл Ираннан төнетін қатер толық жойылғанша жалғаса бермек.
Сарапшылардың айтуынша, Иран баллистикалық зымырандармен шабуыл жасап немесе Ливан, Сирия және Йемендегі одақтас исламшыл топтармен бірге күш біріктіріп соққы беруі мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің шабуылы жөнінде Вашингтон алдын ала білгенін, бірақ оған қатыспағанын айтты.
«Иранның ядролық қаруға ие болуына жол берілмейді. Біз келіссөздер үстеліне қайта отырамыз деп үміттенеміз. Көре жатармыз» — деді Трамп.
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге делдал болып жүрген Оман Израильдің әрекетін қатаң айыптап, бұл Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіретінін ескертті. Осы демалыс күндері Оманда өтуі тиіс алтыншы келіссөз кезеңі енді өтпей қалуы мүмкін.
Осы оқиғадан кейін үш мемлекет, атап айтқанда Израиль, Иран және Ирак қауіпсіздік шарасын дереу қолданып, әуе кеңістігін бірден жапты.