Мадагаскар президенті елден қашып кетті
Мадагаскарда екі аптадан астам уақытқа созылған жаппай наразылық әлі тоқтамады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Наразылық қыркүйек айының соңында су мен электр қуатының жетіспеушілігінен басталған еді. Бірақ олардың наразылығы тез арада саяси талаптарға айналды. Яғни, көтеріліске шыққандар президент Андри Радзуэлинаның отставкаға кетуін, сенат пен сайлау комиссиясының таратылуын, көтеліске шыққандарды соққыға жыққандардың жазалануын талап етті.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен оппозиция өкілдерінің айтуынша, Андри Радзуэлина әскерилердің бір бөлігі көтерілісшілерге қосылғаннан кейін елден кетті. Дереккөздер оның Сент-Мари аралында ұшаққа отырғанын және Францияның Реюньон аралына қонғанын, ол жерден БАӘ-ге барғанын айтады.
Кейінірек Радзуэлина өз халқына үндеу жасап, елде «билікті заңсыз және зорлық-зомбылықпен басып алуға әрекет жасалды» деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ өмірін сақтап қалу үшін қауіпсіз жерге кетуге тура келгенін хабарлады. Радзуэлина өзінің қайда екенін айтпады.