Трамп Харк аралын жойып жіберемін деп сес көрсетті
Егер таяу уақытта Иранмен соғысты тоқтату жөнінде келісім жасалмаса, онда АҚШ Иранның барлық электр станцияларын, мұнай ұңғымаларын және Харк аралын толықтай жойып жібереді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы Ақ үй басшысы Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Айтуынша, Вашингтон Тегеранда жаңа билікпен маңызды келіссөздер жүргізіп жатыр әрі бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұған дейін Трамп Иран Вашингтонның делдалдар арқылы жеткізген талаптарының басым бөлігіне келісім білдіргенін жеткізді.
29 наурызда АҚШ президенті Financial Times басылымына берген сұхбатында Иранның мұнай секторын бақылауға алғысы келетінін айтып қалды. Сөзінше, мұндай жоспар Иран мұнайының көп бөлігі жөнелтілетін Харк аралын басып алуды да қамтуы мүмкін.