"14 жастағы қызды зорлады". Бірнеше жігітке тергеу жүргізіліп жатыр

12 қазан 2023 19:33 / Новости Казахстана

Түркістан облысында 14 жастағы қызды зорлады деген күдікпен бірнеше жігітке тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Әлеуметтік желіде Түркістан облысында 14 жастағы қыздың зорланғаны жайында ақпарат тарады. Оңғар Қабден есімді желі белсендісінің жазуынша, кәмелетке толмаған қызды бірнеше жігіт құрбыларының көзінше зорлаған. Сол сәтте өзге қыздар телефонға түсіріп тұрыпты. Тіпті күліп, мазақ қылған.

«Жігіттер қызды зорлап болған соң, екі күн бойы қамап ұстаған. Қыздың әке-шешесі полицияға арызданып, қызды полиция тапқан. Енді қылмыстық іс қозғалғанда жігіттердің бірінің туыстары құда түсіп келіп отыр екен. Он төрттегі қызға! Ана камераға түсіріп тұрған қыздарға да іс қозғалу керек! Қызды үйінен алып шыққан солар дейді жәбірленуші», - деп жазды желі белсендісі.

Ал Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов зорлық-зомбылық фактісі туралы істі түсіндіріп берді.

Төлеби ауданы полиция бөлімінде жергілікті тұрғынның кәмелетке толмаған қызына қатысты құқыққа қарсы іс-қимыл фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл факт ҚР ҚК 120-бабы бойынша тіркелген. Жедел-іздестіру іс-шараларында іске қатысы болуы мүмкін деген бірнеше жігіттен жауап алынды. Ал күдікті ретінде танылған жас жігітті қамауға алдық.

Қазір аталған факт бойынша тиісті сараптамалар тағайындалған. Беттестіру, жауап алу, айғақты заттармен жұмыс істеу секілді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Департамент басшылығынан арнайы топ құрылып, Төлеби ауданында іске қатысты шараларды атқаруда. Себебі бұл қылмыстық істің тергеу барысы мен топтың жұмысы менің жеке бақылауымда. Қосымша айтарым, қылмысқа саналы түрде барған адам өзінің әрекеті үшін заң алдында жауап беруі керек! Сондықтан бұл іске қатысты барлық дәлел жинақталып, сотқа жолданатын болады.

Автор
Серіктес жаңалықтары