2026 жылдан бастап Салық кодексіне бірқатар өзгеріс енеді
Корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде сақталады, алайда банктер мен ойын бизнесі үшін ол 25% болады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Әлеуметтік ұйымдар үшін 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10% мөлшерлеме белгіленеді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3% жеңілдетілген салық қолданылады.
Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі: жылдық табысы 8500 АЕК-тен асатын азаматтар мен 230 мың АЕК-тен көп табыс тапқан кәсіпкерлер 15% салық төлейді. Фермерлерге 70% жеңілдікті есепке ала отырып, 4,5% мөлшерлеме қолданылады.
Қымбат мүлік пен өнімдерге 10% акциз салығы салынады: 75 млн теңгеден қымбат көлік, 100 млн теңгеден асатын кеме, әр литрі 500 мың теңге тұратын алкоголь және бір данасы 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдері.
Қор нарығын ынталандыру үшін биржалық дивиденттерге салық жеңілдігі сақталады, ал «Бәйтерек» холдингі шығарған құнды қағаздар 2031 жылға дейін салықтан босатылады. Пайдалы қазбалар саласында тиімділігі төмен жаңа учаскелер 5 жылға салықтан босатылады.
Салық әкімшілендіру де жеңілдетіледі: камералдық бақылау ескерту сипатында болады, берешек аз болса, есепшоттар бұғатталмайды, төлемдерді бөліп төлеу жеңілдейді.