2026 жылы Қазақстанда қандай жаңа әуежайлар мен рейстер ашылады?

2 қаңтар 2026 18:10 / Новости Казахстана

2026 жылы Қазақстанда авиация саласында қандай өзгерістер болады? Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева айтты, деп хабарлайды Arbat.Media.

Салтанат Томпиеваның айтуынша, биыл еліміздің ірі авиациялық тораптарында инфрақұрылымдық жобалар кешенін іске асыру жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, Астана және Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталады, Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылады, Ақтау әуежайының перронына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Сонымен қатар өңірлік жобалар да жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде:

 

  • Атырау әуежайының жаңа терминалын салу;
  • Павлодар әуежайын реконструкциялау;
  • Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау;
  • Арқалық әуежайын қалпына келтіру жоспарда бар.

 

Сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде әуежайларда JetA-1 авиаотын сақтау және құю жүйелері жаңартылады. Бұл авиакомпанияларды отынмен қамтамасыз ету мен қызмет көрсету сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

"Бұдан бөлек, 2026 жылдың соңына дейін әуе компаниялары 9 жаңа әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл әуе паркін шамамен 118 бірлікке дейін ұлғайтып, әуе тасымалдарының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Өңірлердің көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету және туризмді дамыту мақсатында әлеуметтік маңызы бар 23 әуе бағыты бойынша субсидиялау бағдарламасы жалғасын табады", - деді Салтанат Томпиева.

2026 жылы халықаралық әуе қатынасын дамыту жұмыстары да жалғасады. Халықаралық жаңа әуе бағыттарын ашу және бұрын тоқтатылған рейстерді жандандыру, сондай-ақ қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыру көзделген.

Бағыттар желісін Орталық Азия мен ТМД елдеріне, сондай-ақ Таяу Шығыс, Еуропа және Азия мемлекеттеріне кеңейту, Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Әр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Сиань, Шанхай, Үрімші, Қашғар, Варшава және басқа да бағыттар бойынша рейстер ашу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары