Абай облысында апаттан 3 бірдей студент көз жұмды
Абай облысында Toyota Avensis жеңіл автокөлігі мен Howa жүк көлігі соқтығысты. Салдарынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Жол-көлік оқиғасы 2 қараша сағат 05:45 шамасында Омбы – Майқапшағай автожолының 615/706-шақырымында болған. Оның салдарынан Toyota Avensis автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша ("Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу") сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта тиісті сот сараптамалары тағайындалып, тергеу амалдарының кешені жүргізіліп жатыр. Полиция өкілдері оның нәтижесі бойынша іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатынын айтты.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерінің өзге мәліметтері жарияланбады.
Бүгін Семейдегі Әлихан Бөкейхан университетінің басшылығы жол апатынан үш студенті бірдей қаза тапқанын мәлімдеді.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан университет өрендері – Заң факультетінің студенттері Тұрарбеков Нұрмағамбет Бауыржанұлы, Оңдабай Рефхат Серікжанұлы мен Ақпараттық технологиялар және экономика факультетінің студенті Абдималиков Рустамбек Нурмуродұлының ата-аналары мен туған туыстарына, жақындары мен дос-жарандарына қайғырып көңіл айтамыз", - делінген университеттің Facebook желісінде жариялаған жазбасында.