Абай облысында көлік апатынан зардап шеккен қыздың жансақтау бөлімінде жатқанына бір айға жуықтады
Абай облысының Үржар ауданындағы Бестерек ауылындағы апаттан зардап шеккен тоғыз жастағы қыз әлі де жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы өзгеріссіз екен. Қызға жансақтау бөлімінде механикалық желдету аппараты қосылған.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 19 тамыз күні болды. 55 жастағы автокөлік жүргізушісі үй қақпасының жанында ойнаған алты баланы қағып кетті. Олардың үшеуі оқиға орнында көз жұмды. Қаза тапқандардың кенжесі небәрі екі жаста, ал үлкені сегізде.
6 мен 9 жас аралығындағы үш бала ауруханаға жатқызылды. Кейін екеуі Астанаға санитарлық авиациямен жіберілді. Бір қыздың жағдайы өте ауыр болғандықтан аудандық ауруханада қалды. Президенттің тапсырмасы бойынша өңірге елорданың мамандары шұғыл келіп, бірнеше ота жасады. Кейін қызды Семей медициналық университетінің ауруханасына жеткізді.