Каспийдегі 14 сарбаздың қазасы: сегіз әскери басшы қамауға алынды

5 қараша 2026 16:29 / Новости Казахстана

Каспий теңізінде 14 сарбаздың қаза табуына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталуға жақын. Іс аясында сегіз лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынған, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бас прокуратураның мәліметінше, күдіктілерге қызметіне салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу деректері бойынша айып тағылып отыр. Қамауға алынғандар қатарында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның орынбасарлары және әскери бөлім командирлері бар.

Қылмыстық істі Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізіп жатыр. Тергеу барысында 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілген.

Тергеушілер қайғылы оқиғаның мән-жайын және оған ықпал еткен жағдайларды анықтап жатыр. Әскери басшылардың әрекетіне құқықтық баға тергеу қорытындысы бойынша беріледі.

Серіктес жаңалықтары