Адамзат дамуы АЭС-ке байланып тұр
Жыл асқан сайын әлемде энергия тапшылығы артып жатыр. Елдегі энергия жүйесінің бәрі дерлік кеңес одағы кезінде құрылған. Қазір күрделі жөндеуді қажет етеді. Оған қоса, парникті газдың шығарындылары экожүйеге, инфрақұрылымға, адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіріп тұр. Осы сын-қатерге жауап ретінде және аталған тәуекелді бәсеңдету мақсатында әлем елдері Париж келісіміне келді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Париж келісімін іске асыру үшін 2022 жылы өркениетті 52 ел төмен көміртекті энергия көздерін дамыту стратегиясын бекітті. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын белгіледі. Қолданыстағы энергия көздерінің жағдайын және көміртегінен бейтараптық мәселесін ескерсек, ел энергетикасының дамуы көміртексіз энергия көздерін пайдалану екені айқындалады.
Анығында көміртексіз энергия көздеріне баламалы энергия және атом энергетикасы кіреді. Енді ел арасында түсініспеушілік тудырып жүрген АЭС туралы көмескі ойларды сейілтіп, қоғам қойған сұрақтарға отандық білікті маман, ғалымдардың нақты дәлел, дәйектерін келтіре отырып жауап беруге тырысамыз.
АЭС парникті газдан таза
Басқа энергетикалық технологиялардан АЭС-тің парникті газ шығарындылары сынды зиянды қалдықтар бойынша артықшылығы бар екені баршаға мәлім. АЭС пен ЖЭС-тің қоршаған ортаға экологиялық әсерін салыстыра отырып айтсақ, АЭС-тен алынған бір гигават қуат бір жылда 5,9 млн тонна көмірді немесе 2,2 млн тонна мазут пен 26 мың текше метрге дейін газды үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл органикалық отынды жағу кезінде шығатын көптеген газдың таралуына, қатты қалдықтардың пайда болуына жол бермейді.
Бұл тұжырымды пікірді әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ядролық орталықтың «Атом энергетикасы институты» филиалы директорының орынбасары Ерболат Тайтөлеуұлы айтып отыр.
Оның пікіріне зейін қойсақ, көмір өнімдерін тазартатын заманауи жүйелерімен жабдықталған жылу стансасының өзі бір жылда атмосфераға түрлі бағалауларға сәйкес, 7-ден 120 мыңға дейін күкірт, 2-20 мың тоннаға дейін азот тотығын, сондай-ақ 700-1 500 тоннаға дейін күл (тазартусыз екі-үш есе көп) мен 3-7 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығарады екен. Бұдан бөлек кадмий, қорғасын және сынап секілді улы металдардан тұратын 400 мың тоннаға дейін зиянды қалдық пайда болатын көрінеді. Қуаты АЭС-пен бірдей ЖЭС салыстырмалы түрде атмосфераға әлдеқайда көп радиоактивті қалдық шығарады. Бұл көмірдің құрамында әртүрлі радиоактивті элементтердің, атап айтқанда радий, торий, полоний сынды элементтердің болуымен байланысты.
Тағы бір жиі қойылатын сұрақ АЭС-тің Балқаш көліне әсері.
Жалпы гидравликалық құрылымы жағынан, АЭС пен ЖЭС-тің айырмашылығы тек энергия көзінде ғана. АЭС-те энергия көзі ретінде ядролық реактор қолданылады. Заманауи реакторлар екі контурлы суыту жүйесінен тұрады. Екі контур бір-бірінен гидравликалық оқшауланған және өзара тек жылу алмастырғыш арқылы байланысқан. Екі контурдағы суға ерекше талаптар қойылғандықтан, су арнайы әзірленеді және әрдайым бақылауда болады.
Бірінші контур ядролық реакторда пайда болған жылуды тасымалдауға арналған. Екінші контурдағы су жылу алмастырғыш арқылы бірінші контурдың жылуын алып, буға айналдырып, оны турбина қалақшаларына беру арқылы генератордың роторын айналдырады. Турбинадан шыққан буды қайта суға айналдыру үшін конденсатор қолданылады. Көлдің суын конденсаторды суыту үшін ғана пайдаланады, деп түсіндірді маман.
Конденсаторды суытуға суды тікелей көлден емес, арнайы тоғаннан алады. Екі блоктік АЭС-тің жылдық су қажеттілігі, дәстүрлі градирняларды қолданғанда, шамамен 0,063 млрд текше метрге дейін бағаланады. Бұл көлем елдегі ірі өзендер мен су қоймаларының ағындарымен оңай қамтамасыз етіледі. Осы арада Балқаш көлінің көлемі 108 млрд текше метр судан тұратынын айта кеткен жөн. Көлге құйылатын Іле өзенінің жылдық нормасы шамамен 12,3 млрд текше метрге тең. АЭС-тің жылдық су қажеттілігін Іле өзенінің жылдық нормасының 1%-дан да аз бөлігі өтей алады. Сөз орайы келгенде айта кетейік, кейбір АЭС жобаларында дәстүрлі градирнялардың орнына су шығыны болмайтын құрғақ градирнялар қолданылады.
«Мұны қарапайым тілде түсіндірсек, ол судың мөлшері АЭС-те жұмыс істейтін 2 000 адамның бір күнде ішетін суынан да аз болады. Сондықтан АЭС Балқаш суына залал келтіреді деген мүлде қате пікір», деген еді ««Egemen Qazaqstan» газетінде АЭС-ке қатысты ұйымдастырылған дөңгелек үстелде Еуразия университетінің ғалымы, қауымдастырылған профессор, ядролық физика бойынша PhD Нұрлан Амангелді.
Қауіпсіздікке кепілдік бар
Энергетикалық реакторлардың даму тарихы өткен ғасырдың 50-жылдары басталды. Эволюциялық даму тарихына қарай реакторлар 4 буынға бөлінеді. Айталық Чернобыль мен Фокушимдағы апатқа ұрынғандар 2-буындағы реакторлар. Ал Қазақстанда салуға қарастырып отырғандар 3 және 3+ буынды, заманауи, референтті үлгі. Бұлар – АЭС тарихында болған барлық кемшіліктер мен апаттық жағдайларды ескере отырып жобалаған түрі. Осы 3 және 3+ буынды реакторлар пассивті және активті қауіпсіздік жүйелеріне ие екенін қадап айтты Е.Қоянбаев.
«Бұл реактор болат пен бетоннан жасалған қорғау қабықшасының (контайменттің) ішінде орналасқан. Контаймент 8 балды жер сілкінісіне, су тасқынына, тіпті 720 км/сағ жылдамдықпен ұшып келе жатқан 400 тонналық ұшақпен қақтығысса да шыдайды. Кез келген апаттық жағдай туындағанда барлық апат салдары осы қорғау қабықшасымен шектеледі. Оған қоса, 3+ буындағы реактор пассивті және апаттық салқындату жүйелерімен жабдықталған. Бұл жүйе апат болған кезде реакторды автономды түрде ұзақ уақыт салқындатуға, тіпті ядролық реакцияны толық тоқтатып тастайды», дейді ол.
Тіпті гепатетикалық ауыр апат кезінде реактордың активті аумағының балқымасын оқшаулау үшін реактор шахтасының түбінде жылуға төзімді материалдармен капталған балқыма тұзағы орналастырылады. Мұндай тұзақтармен Жапонияның қазір іске қайта қосылып жатқан реакторлары міндетті түрде жабдықталады. Міне 3+ буынды реакторлар осындай терең эшалондалған қорғанысқа ие.
Ядролық бөліну реакциясы кезінде пайда болатын радионуклидтер жайданжай сыртқа шығып кете алмайды. Оған бірнеше арнайы тосқауыл бар. Бірінші – ядролық отынның өзі. Екінші – ядролық отын орналасқан герметикалық металл қабықша. Қалыңдығы 20 см болаттан жасалған реактор корпусы радионулиддетрдің сыртқа шығу мүмкіндігін азайтатын үшінші тосқауыл. Соңғы – төртінші тосқауыл контаймент. Аталған барлық қауіпсіздік шаралары реакторда мүмкін болатын кез келген апаттық жағдайды тек АЭС территориясымен шектейді. Жүйесі мен құрылымы мықты мұндай реакторда ауыр апаттың ықтималдылығы 10 млн жылда бір рет қана болуы мүмкін. Оны мамандар әлдеқашан дәлелдеп қойған.
Маман тапшылығы байқалып тұр
Екі блоктен тұратын АЭС-ті басқаруға шамамен 2 000 маман қажет. Оның 1 600 жұмыскері кәдімгі ЖЭС-терде қызмет атқарып жүрген мамандар бола алады. Ал 400 қызметкер атом саласы бойынша арнайы даярланатын мамандар. АЭС салуды референдумда халық қолдаған жағдайда оның құрылысына 10 жыл уақыт кетеді. Мұншама ұзақ уақытта қажетті мамандар қанша керек, сонша даярлауға болады.
«Әзірдің өзінде «Ядролық физика», «Ядролық физика және атом энергетикасы» бағдарламасымен елдегі университеттерде бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша білім беріліп жатыр. Десек те, АЭС-ке мамандарды даярлау «Ұлттық ядролық орталық» пен «Ядролық физика институты» базаларында жүргізілгені дұрыс деп санаймын. Қазір республика аумағында үш зерттеу реакторы бар. Екеуі Курчатовта болса, біреуі Алматыда істеп тұр. Аталған қондырғыларды басқара алатын қажетті мамандар ҰЯО-та да, ЯФИ-де де бар. Әлбетте, бұл мамандар АЭС-ке қажетті ауысымдық жұмысшыларды толық қамтамасыз ете алмайды. Бүгінде ҰЯО-да шамамен 2 000, ал ЯФИ-де 600 адам қызмет атқарып жүр», деді Е.Қоянбаев.
Негізі АЭС-ті салатын мемлекет маман оқытып беру міндетін мойнына алғаны дұрыс. Өйткені реактордың ерекшелігіне байланысты мамандарды қосымша оқытқанның артықтығы жоқ. Бұл туралы біздің елге лайықты реакторлар қарастырып жатқан мамандардың қатарында жүрген ҚАЭС ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков тоқтамды ойын айтқан еді.
«АЭС-те ең бастысы – қауіпсіздік, ал екінші мәселе – мамандар даярлау. Негізі, қайсы реакторды таңдасақ, оны ұсынған тарап міндетті түрде соған лайық мамандар даярлау міндеттемесін мойнына алады. Ол келісімшартта көрсетіледі. АЭС салынып біткенге дейінгі 10 жылда қажетті мамандардың бәрін дайындап үлгереді», деген еді ол.
Бойын үрейге алдырып, көңіліне күмән толған жұрт атомшы мамандардың пікіріне құлақ қойса, көп күдіктен арылып, алдағы күнге ашық көзбен қарайтыны анық. Сөйтіп, бұдан былай адамзат дамуы АЭС-ке байланып тұрғанын ұғатыны хақ.