Әйел мен 6 жастағы қызды қазанмен ұрып өлтірген ер адам сотталды

25 желтоқсан 2025 14:41 / Новости Казахстана

Алматыда әйел мен оның 6 жастағы қызын асқан қатыгездікпен ұрып өлтірген айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты. Бұған дейін де сотты болған ер адам бұл жолы өмір бойы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Сотталушы мен марқұм екеуі алты ай ғана таныс болған. Биыл 5 қыркүйекте екеуінің арасындағы жанжал ушығып, ашу үстінде тұрған ер адам ас үйдегі шойын қазанмен әйелді баласының көзінше өлімші етіп сабаған. Ауыр жарақат алған әйел сол түні ауруханада көз жұмды. Медициналық сараптама марқұмның ашық бас-ми жарақатын алғанын, бас сүйегінің бірнеше жерден сынғанын, миына қан құйылғанын растады.

Ер адам мұнымен тоқтамай, марқұмның зейнеткер анасын да бірнеше рет ұрып, есінен тандырған. Әйел жансақтау бөліміне жеткізіліп, бірнеше отадан кейін аман қалды. Сотталушы мұндай қатыгездікті көзбен көрген жалғыз куәгер 6 жастағы қызды да сол қазанмен бірнеше рет ұрған. Ауыр жарақаттан Көркем ес жимастан бірнеше күннен соң көз жұмды.

Соңғы сөзінде сотталушы өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, қылмыс жасамағанын мәлімдеді. Алайда сараптама нәтижесінде қанға боялған темір қазанда Чалтабаевтың саусақ іздері табылғаны дәлел ретінде ұсынылды.

«Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігі ережелеріне сай, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтықтарында онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға ауыстыру арқылы Чалтабаевқа өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», — деді судья Бақытжан Бәкірбаев.

Сотталушы бұған дейін де адам өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған екен.

Серіктес жаңалықтары