Әкімдерге автотұрақтарды ұйымдастыру құзыреті берілмек
Әкімдерге автотұрақтарды ұйымдастыру және олардың санаттарын айқындау қағидаларын бекіту құзыреті берілмек. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру тәртібі Алматы және Астана қаласы аумағында ғана әкімдердің қаулыларымен бекітілген. Қағидаларға орай автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру және пайдалану құрылыс нормаларының, өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің, санитариялық және экологиялық нормалардың талаптарына сәйкес, сондай-ақ жер учаскесінің нысаналы мақсатын сақтай отырып жүзеге асырылады. Астана қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, ақылы коммуналдық автотұрақтар қаланың орталық аудандарында, халық тығыз шоғырланған нүктелері көлік тораптарында, сауда ойын-сауық орталықтарында, әкімшілік кешендерде және тағы да басқа жерлерде орналасқан», — деді бірінші вице-премьер.
Оның атап өтуінше, елорданың шекаралас аудандарында және әлеуметтік маңызы бар объектілерде (аурухана, емхана, мектеп, балабақша және т. б.) және тұрғын үйлердің аулаларында ақылы коммуналдық автотұрақтар жоқ. Ақылы коммуналдық автотұрақтарға іргелес орналасқан үйлердің тұрғындарына тегін тұрақ құқығын беретін резиденттік абонементтер беріледі.
«Алматы қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес ақылы коммуналдық автотұрақтар қаланың тарихи іскерлік орталығында, сондай-ақ көрікті жерлерге жақын аумақта орналасқан. Сонымен қатар Шымкент қаласында және басқа облыстарда автотұрақ (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық акт жоқ. Осыған орай, қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатқан астананың және республикалық қалалардың дамуы мәселелері бойынша заң жобасы аясында облыс, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды, паркингтерді) ұйымдастыру және олардың санаттарын айқындау қағидаларын бекіту құзыретін беру бөлігінде заңнамалық түзетулер енгізу көзделген», — деді Роман Скляр.