Алғаш рет жол қызметкері адам өліміне әкелген көктайғақ үшін сотталды

16 шілде 2026 14:19 / Новости Казахстана

Маңғыстауда көктайғақтан бес адам қаза тапқан іс бойынша алғаш рет жол қызметінің басшысы сотталды,деп хабарлайды Arbat.Media.

Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық соты бес адамның өмірін қиған жол апатына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Бұл – Қазақстанда автожолды қыс мезгілінде тиісінше күтіп ұстамағаны үшін адам өліміне байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған алғашқы іс.

Қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 қаңтарда республикалық маңызы бар «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» тасжолында болған. Көктайғақ салдарынан Yutong жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған. Апаттан бес адам қаза тауып, тағы 14 жолаушы түрлі дене жарақатын алған.

Істі Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеді. Тергеу барысында жол-көлік оқиғасына автожолдың қысқы кезеңде талапқа сай күтіп ұсталмауы себеп болғаны анықталды. Сондай-ақ жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі мен орын алған ауыр салдардың арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бары дәлелденген.

Сот «КАЖСервис» ЖШС Маңғыстау облыстық филиалының №57 жол пайдалану бөлімшесінің бастығын Қылмыстық кодекстің 353-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 2 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары