Алматы әуежайында 22 жастағы студенттен оқ табылды
Алматы әуежайында 22 жастағы студенттен ұшу алдындағы тексеру кезінде 9×18 мм калибрлі патрон табылып, тәркіленді. Сот шешімімен оған 200 АЕК (786 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті мәлімдеді.
Сондай-ақ Қарағанды-Сұрыптау станциясында Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғынынан тегіс ұңғылы мылтық табылған. Сот оған 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері қаруды заңсыз алып жүру, сақтау және тасымалдау фактілері бойынша 496 қылмыстық іс тіркеліп, 133 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, әуе кемелерінде және пойыздарда кастет, пышақ, электршокер, оқ-дәрі, қару-жарақ, пиротехникалық бұйым және өзге де қауіпті заттарды тасымалдауға қатаң тыйым салынған.