Алматыда 1200-ден астам оқушының омыртқасы қисайған
Алматыда былтыр тереңдетілген профилактикалық тексерулердің қорытындысы бойынша 1261 оқушы жиі кездесетін дерттің бірі – сколиозға шалдыққан, - деп хабарлайды Arbat.media.
Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гауһар Қаткенованың айтуынша, былтыр 101 805 оқушы медициналық тексеруден өтті.
«Қаралған оқушылардың ішінде 18 890 оқушыда патология анықталды, оның үлес салмағы 18,5 пайыз. Медициналық тексерудің нәтижелері бойынша 1261 оқушыда ең көп тараған аурулардың бірі - сколиоз анықталды, бұл - 6,5 пайыз»,- деді ол.
Спикердің сөзінше, мектеп жасындағы балаларда сколиоз ауруының көптеп кездесуіне бірнеше себеп бар. Балалар ересектерге қарағанда партада және үстел басында көбірек уақыт өткізеді: бірнеше сағат сабақта, содан кейін сабақтан тыс жұмыстарда, сондай-ақ үй тапсырмасын орындау кезінде ұзақ уақыт отырады.
«Сколиоз – мектеп жасындағы балаларда кездесетін өзекті мәселелердің бірі. Бұл омыртқаның қисаюынан болатын тірек-қимыл жүйесінің ауруы. Сколиоз көбінесе 6-8 және 12-16 жаста кездеседі. Бұл кезде жасөспірімдерде гормоналды тұрақсыздықтан және физикалық дамудың жеткіліксіздігінен бұлшықет әлсіздігіне байланысты әсер етеді», - деді дәрігер.
Оқушылардың дұрыс дене қалпын сақтайтын, сколиоздың алдын алу үшін білу керек маңызды шаралар:
– балаға арналған жиһаз баланың жасы мен бойына сәйкес таңдалуы керек. Яғни, орындыққа дұрыс отырып, шынтақтарды қолтық тірекке қойып, тізені тік бұрышпен бүгіп, арқаны түзету қажет. Көзден үстелге дейінгі ара қашықтық кемінде 30 сантиметр болуы керек;
– қозғалыссыз 20 минуттан артық отырмау керек. Жиі тұрып, бөлмеде аздап жүру, күніне бірнеше рет арқа мен омыртқа бұлшықеттерін қозғалту қажет;
– компьютер экраны тым жоғары немесе тым төмен емес, көз деңгейінде орналасуы керек. Сонымен қатар, ноутбукпен диванда отырып жұмыс істеуге болмайды, бұл мойын омыртқаға қатты зиянын тигізеді;
– арқаға ауыр рюкзак асынбаған абзал, омыртқаға шамадан тыс жүктемені болдырмау керек;
Баланың қозғалыс белсенділігіне аса мән беру қажет. Таңертеңгілік жаттығу, дене шынықтыру, жүзу, ойын спорты, белсенді демалыс- эндокриндік, жүйке және тыныс алу жүйелерінің жұмысын жақсартуға, баланың денесінің тонусын арттыруға көмектеседі және омыртқаның қисаюына жол бермейді.