Алматыда алғаш рет дроппер әйел ұсталды

24 қазан 2025 18:41 / Новости Казахстана

Алматыда өз банк деректерін өзгеге пайдалануға берген дроппер әйел ұсталды, деп хабарлайды Arbat.Media.

ІІМ-нің мәліметінше, Алматы қаласында жергілікті тұрғын жаңа енгізілген ҚР қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жаңа норма алаяқтардың ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруына немесе басқа шоттарға аударуына мүмкіндік беретін қаржылық делдалдардың әрекетіне тосқауыл қоюды көздейді.

Тергеу барысында жеке кәсіпкер өз тіркеу деректері мен QR-кодын белгісіз адамдарға бергені анықталған. Осы деректер арқылы алаяқтық белгілері бар күмәнді ақша аударымдары жүзеге асырылған. Әйел адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Бұл – заңсыз қаржылық операциялар үшін банктік деректерін пайдалануға берген жеке адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қамауға алынған еліміздегі алғашқы оқиға. Жаңа норма бұған дейін жауапкершіліктен тыс қалып келген қаржылық алаяқтық тізбегін тиімді түрде тоқтатуға мүмкіндік береді», – деді Алатау аудандық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тимур Мулинов.

Серіктес жаңалықтары