Алматыда автобустың бірнеше адамды қағып кеткен видеосы пайда болды
Полицейлер Алматыда автобустың адамдарды қағып кеткен сәтінің видеосын жариялады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрдан адамдардың жол бойында тұрғанын және автобустың бар жылдамдықпен жеңіл көлікке соғылып, адамдарды қағып кеткенін көруге болады.
«22 желтоқсанда сағат 18:15-те № 47-бағыттағы қоғамдық көліктің (жеке тасымалдаушы – «ДуманТрансКом» ЖШС) ішінде жолаушысы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған, салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалды. Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты»,- деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
Апат салдарынан 7 адам зардап шекті, тағы үш адам жедел жәрдем келгенше оқиға орнында жан тапсырды.
Автобус жүргізушісіне қол көтерген жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды.