Алматыда оқытушыға пышақпен тап берген студент 7 жылға сотталуы мүмкін
Алматыдағы Логистика және көлік академиясында (ALT University) оқытушысына пышақпен тап берген 18 жастағы екінші курс студенті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Arbat.Media.
Оқиға оқу орнының ерлер дәретханасында болған. Студент 35 жастағы математика пәнінің оқытушысына тап беріп, мойын тұсына жарақат салған. Бұл қақтығысқа төмен баға қойғаны себеп болуы мүмкін.
Университет әкімшілігінің мәліметінше, зардап шеккен ұстаздың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, ол қазірдің өзінде жұмысқа шығып, сабақ беріп жүр екен.
«Мұғалім әжетханаға кірген, артынан іле-шала студент кіріп, бір ауыз сөз айтпастан пышақпен қоқан-лоқы көрсете бастаған. Оқытушы, шүкір, аман-есен. Қазір емтихан уақыты болғандықтан, жұмысын жалғастырып жатыр. Студентке қатысты айтар болсақ, ол тергеу изоляторына қамалды, қылмыстық іс қозғалды», — деді ALT University аппарат басшысы Жәнібек Смадияров.
Оқиғадан кейін оқу орнында күзет күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатаңдатылған.