Алматыда пойызда уланғандардың жағдайы белгілі болды

12 желтоқсан 2025 10:29 / Новости Казахстана

Алматыда пойызда уланған балаларға толық медициналық көмек көрсетілуде, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады.

«Бүгін Алматыда пойызда табиғи газдан улану оқиғасы тіркелді. Оқиға орнына жедел медициналық жәрдемнің 13 бригадасы жіберілді.

Барлығы 53 адам, оның ішінде балалар зардап шекті. Тексеру нәтижесінде 11 бала емдеуге жатқызылды. Екеуі реанимация бөлімшесінде, қалғандары мамандандырылған бөлімшелерде мамандардың бақылауында. Қалған зардап шеккендер қарап-тексеруден және көмек көрсетуден кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық емделуге жіберілді.

Емдеуге жатқызылған барлық пациенттерге толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олардың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», - делінген мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бүгін Алматы-2 теміржол вокзалына келген пойызда 53 адам иіс тиіп, уланған. Оқиғаға қатысты Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша іс қозғады.

Серіктес жаңалықтары