Әскерде сарбаздарға психологиялық бейімделуге екі апта уақыт беріледі
Қазақстан Қарулы күштеріне жаңадан шақырылған сарбаздар үшін психологиялық бейімделудің екі апталық кезеңі енгізіледі, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы Сенат дәлізінде Асқар Мұстабеков мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы жауынгерлік дайындықтың жаңа жоспарын әзірлеген. Енді қызметтің алғашқы екі аптасында жас сарбаздар бірден нақты әскери лауазымдарға тағайындалмайды.
Алдымен олармен психологтар мен тәрбие жұмыстары жөніндегі мамандар жұмыс жүргізеді. Мамандар әскери қызметшілердің эмоционалдық жағдайын, күйзеліске төзімділігін, армиялық тәртіпке бейімделу қабілетін және ұжыммен қарым-қатынас жасау дағдыларын бағалайды.
«Жас сарбаздар әскерге шақырылғаннан кейін алғашқы екі аптада психологиялық бейімделуден өтеді. Олармен психологтар мен тәрбиешілер жұмыс істейді, психологиялық деңгейі мен жағдайы анықталады. Осыдан кейін ғана әскери қызметшілер лауазымдарға тағайындалады», – деді Мұстабеков.
Бейімделу кезеңі аяқталған соң басшылық әр сарбаздың қабілетіне сай келетін қызмет орнын анықтайды. Тағайындау барысында тек физикалық және кәсіби дайындық қана емес, сарбаздың моральдық-психологиялық жағдайы да ескеріледі.