Атырау: Терезеден құлаған үш жасар сәбидің жағдайы ауыр
Атырауда 3 жасар сәби көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті. Жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен сәбиді облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Бұл туралы әлеуметтік желі мен WhatsApp мессенджерінде видео тарады. Оқиға 16 қыркүйекте Атырау қаласындағы «Нұрсая» шағынауданында болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл деректі растады.«Жедел жәрдем бригадасының көлігімен көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлаған 3 жасар бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Науқастың жағдайы өте ауыр. Қазір ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр», -деп таратты басқарманың баспасөз қызметі, - деп хабарлайды Arbat.media.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Сәбит Борашевтың айтуынша, кейінгі кезде балалардың жазатайым оқиғаға ұшырауы жиілеген.
«Әсіресе, 2-7 жасқа дейінгі балалардың терезеден құлауы көбірек кездеседі. Негізгі себеп — оңай ашылатын пластикалық терезе. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне салғырттық танытады. Көпшілігі балаларын үйінде қараусыз қалдырып кетеді. Осындай себептің салдарынан жыл басынан бері 6 бала терезеден құлады», — дейді Сәбит Борашев.