Атырауда жасөспірім жыл бойы әлімжеттік көріп келген

14 ақпан 2024 10:00 / Новости Казахстана

Атыраудағы орта мектепте 13 жастағы жасөспірімнің құрдасына әлімжеттік жасаған сәті видеоға түсіп қалған. Қазір полиция қызметкерлері тергеуді бастады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға кеше, 12 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 18:00 шамасында болған.

«Атырау қаласындағы №42 мектепте 2011 жылғы жасөспірімдер арасында өзара келіспеушілік туындаған. Ол сәт білім ордасындағы бейнебақылау камерасына түскен. Видео әлеуметтік желіге де тараған. Аталған дерекке қатысты құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер мен куәгерлер полиция бөліміне жеткізілді. Полицияға жәбірленуші жасөспірімнің әкесінен шағым түсті. Соған байланысты 2011 жылғы жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуалиев пен жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев жасөспірімдер жанжалдасқан мектептің оқушыларымен кездесу өткізді.

«Жасөспірімдер құқық бұзушылық жасаған кезде болашағына кесірі тиетінін ойламайды. Оларға құқық бұзушылықтың зардабы мен жат әдет-қылықтан аулақ болудың тиімділігі туралы түсіндірдік. Кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне, теріс әрекетіне ата-анасы жауап береді», - дейді Әбдіғани Сейдуалиев.

Серіктес жаңалықтары