Автобус жүргізушілерінің ең төменгі жалақысы 600 мың теңгеден асады
Көлік қызметкерлері күні қарсаңында автобус жүргізушілерінің жұмыс барысы қаралды. Бұл сапарда әр істің өз қиындығы мен қызық тұстары бары тағы бір аңғарылды. Астана қаласының №1 Автобус паркі ұйымдастырған баспасөз туры мекеменің ішкі тыныс-тіршілігін жан-жақты көрсете алды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Алдымен БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берген кәсіпорын басшысы – басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатов паркте 1035 автобус барын, қыркүйекте тағы 100 автобус сатып алынатынын айтты.
«Күнделікті 750-800 автобус жолға шығып, 400-450 мың жолаушыны тасымалдаймыз. Өткен жылға қарағанда қоғамдық көлік жолаушыларының саны артып отыр. Келесі жылы тағы 300 шақты автобус алу жоспарда бар. Елордада автобус билетінің бағасы 2012 жылы 90 теңге болып белгіленді, содан бері өзгерген жоқ еді. Осы уақыт ішінде жанар-жағармай құны өсті, ол кезде литрі 110 теңге болса, қазір дизель бағасы 300 теңге. Автобустардың аралығын жиілеттік, бұрын жолаушылар кейбір автобустарды 20-25 минут күтсе, қазір аралық 15-12 минутқа дейін қысқарды. Келесі жылы 300 автобуспен толықсақ, 8-7 минутқа дейін қысқарту мүмкіндігіміз бар», деді ол.
Автобус паркі қызмет көрсететін маршруттардың жалпы ұзындығы 3590,5 км құрайды. Бұл парк 76 маршрутқа қызмет көрсетеді, оның ішінде 47 қалалық, 3 түнгі, 27 қала маңы бойынша автобустар. Қызметкерлердің басым бөлігін жүргізушілер құрайды, яғни мұнда жалпы саны 2000-нан аса адам жұмыс істесе, соның 70%-ы автобус жүргізушілері.
Бұл сұқбатымыз ұзаққа созыла койған жоқ. Мекеме басшысы ұзын сонар сөзден гөрі істің адамы екенін айтып, автобус паркін аралауға шақырды. Сонымен біздің автопарк аумағындағы экскурсиямыз басталып кетті. Сонау 1974 жылы құрылған №1 Автобус паркінің ғимараты ескі болғанымен, таза, жайлы орын көрінді. Мұнда темірдей тәртіп барын бірден аңғаруға болады.
Бірінші кезекте автобус жүргізушілерін жұмысқа даярлайтын бөліммен таныстық. Жүргізуші жұмысқа қабылданбас бұрын жолдағы қауіпсіздік, түрлі жағдайдағы оқиғаларға психологиялық дайындық сияқты дәрістерді оқиды. Қауіпсіздік бөлімінің инженері Ержан Амангелдіұлының айтуынша, көлік жүргізушісінің D санаты болуы міндетті. Жүргізуші куәлігін алғаннан кейін біліктілікті арттыру бойынша арнайы оқу оқып, емтихан тапсырады. Бұдан соң болашақ қызметкер автобус паркінде тағылымдамадан өтеді. Тағылымдама 3 кезеңнен тұрады: 24 сағат, 42 сағат, 86 сағат. Бұл уақытта олардың теориялық және практикалық білімі тексеріледі. Жүргізушілер автобус паркінің жаттығып үйренуге арналған автобустарына отырып, автобус жүргізуге дағдыланады. Инженердің айтуынша, жаттығуға арналған автобустар қала бойынша тек осы автобус паркінде бар.
Жүргізушілерді жұмысқа қабылдау кезіндегі тағы бір маңызды мәселе – психологиялық дайындық. Жұмысқа келгендер психологиялық тест тапсырып, іріктеуден өтеді. Мекемеде психолог маманы қызмет етеді. Ол жұмысшылардың түрлі психологиялық жағдайда дұрыс әрекет етуіне көмек беретінін айтады. Жолаушылармен жұмыс істеу кезінде түрлі конфликтілі жағдай болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар автобустарда күнделікті болып жатады. Психолог сондай бір шетін мәселеде қалай әрекет етуге болатынын түсіндіреді. Мұнда сондай-ақ қызмет етіп жүрген жүргізушілер де келіп, кеңес ала алады. Бұл олардың жұмыстарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Біздің автобус паркінде 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан жүргізушілер бар. Жалпы жүргізушілердің орташа жасы шамамен 40-43 жас. 7 әйел жүргізуші бар. Бір автобусқа 2 жүргізушіден бекітіледі. Бір ауысым 14 сағатқа созылады. Ең алғашқы автобус таңғы сағат 5:30-да жолға шығады», деді №1 Автобус паркі басшысының орынбасары Сәбит Болатов.
Оның айтуынша, қазір автобус паркіне 100-ге жуық жүргізуші жетіспейді. Жүргізушілер 23 жастан бастап қабылданады. Жүргізуші өтілі 3 жылдан кем болмауы тиіс.
«Жүргізушілердің жалақысын көтердік, қазір ең төменгі жалақы 680-700 мың теңге аралығында, жоғарысы миллион теңгеден асып түседі», деді басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатов.