Аязда оталмай қалған көлікті қалай іске қосу керек?

12 желтоқсан 2023 19:00 / Новости Казахстана

Аязда оталмай қалған көлікті қалай іске қосу керек, - деп хабарлайды Arbat.media.

Қыс мезгілі жеткенде жер-жерден автокөліктердің өртке оранғанын көріп, естіп жатамыз. Мәселен, Арқаның аязы арқаға батқан желтоқсанның алғашқы екі аптасында Астанада 11 көлік өртеніп кеткен. Қақаған қыста көліктердің жанып кетуі ең алдымен автомашина құрылғыларының мезгілге сай бапталмағанын болады, деп жазады Еgemen.kz.

Егер көлігіңіз жылы автотұрақта тұрмаса аккумуляторды «аялап» ұстау керек.

  • Қатты аязда аккумулятордың қуаты азайып кетеді. Сол үшін оны киізбен не суықтан қорғайтын арнайы жапқышпен ораған дұрыс немесе жылы орынға әкеліп қою керек.
  • Көлік иелері аяз бәрібір дегенін істейді деп, көлігін кез келген жерге жайғап жатады. Бұл да қате пікір. Таңда суықпен таласып сергелдеңге түспес үшін, машинаңызды жел тимейтін ық жерге орналастырыңыз.
  • Егер автооталдырғыш (автозаводка) орнатылған болса, міндетті түрде «температураға сай автоматты оталу» қызметін қосыңыз. Сонда мотор суыған кезде көлік өздігінен қосылып, қатып қалудың алдын алады. Бұл жағдайда көлік иесі автоқұрылғыдағы электрлі сымдардың дұрыс жалғанғанына 100 пайыз көз жеткізу керек.

Көлікті қыста қиындықсыз оталдырудың мына тәсілдерін ұсынамыз:

  1. Бірінші кезекте көлікті жылыту қажет. Аккумуляторда бәрі қалыпты екенін білсеңіз, мәселе майда болуы мүмкін. Біздің елде жиі қолданыстағы қысқы май – 40 градусқа төзімді деп сатылғанмен, практикада бұл дәл келмей жатады. Сондықтан машинаны жылы орынға сүйреп немесе орнында ыстық жел үрлейтін құрылғыны (теплопушка) қолданыңыз.
  2. Моторды арнайы қыздырғыш құрал арқылы астыңғы май тұратын түбінің тұсынан қыздыру керек немесе арнайы қондырғымен ыстық жел жіберген жөн. Ол кезде көліктің алдыңғы бөлігін (капот) айналдыра қымтап, ыстықты сол орында ұстап қалуға тырысыңыз. Бұл әдіс бойынша көлік 15-20 минуттан кейін жылынады. Арнайы қыздырғышты қолданарда ыстық желді алдыңғы айна, терезелеріне бағыттаудан сақ болыңыз. Аязда қатып тұрған терезелер тосын жылы лептен шытынап кетуі ықтимал.
  3. Мотор майын ысытып құю арқылы оталдыру керек.
  4. Аязда майы қатып қалған көлікті қосымша күшсіз оталдыру үшін:

    1. Әр күні келесі ретте көлікке мінбейтін болсаңыз машинаның аккумуляторын шешіп алып пештің не үйдегі жылу батереясының қасына қою керек;
    2. Мотор майына да осы әдісті қолданыңыз. Мотор майының маркасы мен стандарттық нөмірінің көлігіңізге құйып жүргенмен бірдей болғаны дұрыс. Майды ашық, от лаулап жанатын пештің қасына қоюдан сақтаныңыз.
    3. Түні бойы жылынған аккумуляторды орнына салып, ысыған майды моторға құю қажет. Бұл процесстен кейін көлікті лезде оталдыруға асықпаңыз. Аккумулятор мен мотор майы физикалық әрекетке көшуге дайын болатын 3-5 минут аралығында кілтті бұрағаныңыз дұрыс.  

    Сондай-ақ жоғарыда айтылған кеңестер кәдеге жарамаса автосервистерге жүгіну дұрыс шешім. Белгілі мекенжайға жету үшін арнайы эвакуатордың көмегіне жүгінгеніңіз қашанда қауіпсіз.

    Жүргізушілер көлігі оталмаса жиі жүгінетін келесі тәсіл басқа машинаның аккумуляторы арқылы құрылғыны қуаттау. Бұл да оңай тәсіл болғанмен екі құрылғыны жалғайтын басында қысқышы бар кабельдің сапалы екеніне назар аударыңыз.

 

Серіктес жаңалықтары