Балаларының көзінше әйелін өлтірген бұрынғы полицей 15 жылға сотталды
Алматыда жұбайын пышақтап өлтірген бұрынғы полиция қызметкері Серік Накимов 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот марқұмның жақындарына 10 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру туралы да шешім шығарды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бір жарым жыл бұрын болған қылмысқа қатысты сот талқылауы аяқталды. Іс материалдарына сәйкес, 39 жастағы Накимов әйелін балаларының көзінше пышақтап өлтірген.
Бұған дейін жүргізілген екі сараптама айыпталушының қылмыс кезінде аффект жағдайында болғанын көрсеткен. Алайда сот бұл қорытындыларды жазаны жеңілдетуге негіз деп қабылдамаған.
Наурызбай аудандық соты оны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сотталған азамат жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Одан моральдық өтемақыдан бөлек, жәбірленуші тарап өкілдерінің қызметіне жұмсалған 3 миллион теңге де өндірілмек.