Бейнежазбаны тексергеннен кейін бір талапкердің нәтижесі жойылды

23 маусым 2026 13:16 / Новости Казахстана

Негізгі ҰБТ басталғалы бері тестілеуге шамамен 292 мың рет қатысу тіркелген, деп хабарлайды Arbat.Media.

Олардың 72%-ы емтиханды қазақ тілінде, 28%-ы орыс тілінде, ал 469-ы ағылшын тілінде тапсырған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Алтыншы апта қорытындысы бойынша талапкерлердің 68%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл – 64. Ең жоғары 140 баллды Павлодар облысынан Әсет Альтаир жинаған.

Алты апта ішінде ҰБТ барысында 624 ереже бұзу фактісі анықталған. 385 талапкер смартфон, смарт-көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін тестілеуден шеттетілген. Тағы 238 адам тест кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылған. Сонымен қатар бейнежазбаларды тексеру барысында бір талапкердің нәтижесі де жойылған. Жалған тұлғалар фактісі тіркелмеген.

Ведомство видеожазбаларды тексеру жұмыстары 31 қазанға дейін жалғасатынын, ереже бұзушылық анықталған жағдайда нәтижелердің жойылатынын еске салды.

Серіктес жаңалықтары