Биыл Қазақстанда «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтпек
Биыл елімізде «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді, деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл саммит – Халықаралық және аймақтық саясаттағы маңызды оқиғалардың бірі. Жаһандық геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған кезеңде бейбіт диалог пен өзара тиімді әріптестікке жол ашатын бірегей дипломатиялық алаң. Сонымен қатар, бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы, прагматикалық және көпвекторлы сыртқы саясатының нақты жемісі екені сөзсіз.
«Орталық Азия – Қытай» саммиті алғаш рет 2023 жылы Қытайдың тарихи Сиань қаласында өтті. Бұл Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мен Орталық Азияның бес мемлекеті басшыларының жеке құрамда өткен алғашқы кездесуі болды. Саммит Азия құрлығындағы жаңа өңірлік формат ретінде бағаланып, Қытай мен Орталық Азия елдерінің көпжақты ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтерді.
Осы бастаманың жалғасы ретінде кезекті саммиттің Қазақстанда өтуі еліміздің аймақтық саясаттағы беделі мен жауапкершілігін айқындайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық ұстанымдары мен сындарлы сыртқы саясаты арқасында Қазақстан өңірлік тұрақтылық пен дамудың сенімді тірегіне айналды. Бұл саммит еліміздің халықаралық бастамаларын және көпвекторлы саясатқа негізделген геосаяси стратегиясын нақтылай түседі.
Саммитте талқыланатын мәселелерге тоқталсақ. Біріншіден, Орталық Азия елдері үшін логистикалық өзара байланыс — экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің бірі. Бұл ретте, Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ), яғни Орта дәліз Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі – Әзірбайжан – Грузия – Түркия – Еуропа бағытында жүктерді тасымалдаудың балама жолы ретінде маңызға ие болып отыр. Қытай мен Қазақстан осы бағыттағы серіктестікті нығайту үшін логистикалық хабтар, кедендік рәсімдерді жеңілдету және мультимодальды тасымалдауды дамыту мәселелерін талқылауы ықтимал.
Сондай-ақ, жасыл энергетика және климаттық өзгерістерге қарсы іс-қимыл тақырыбы да өзекті болып отыр. 2024 жылы Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері Париж келісімінің міндеттемелерін орындау аясында көміртек ізін азайту, жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тарту, су ресурстарын үнемдеу бойынша ортақ жобаларды қолға ала бастады. Саммит барысында климаттық қатерлерге қарсы бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтарын құру, күн және жел энергетикасы саласындағы инвестициялық жобалар, сондай-ақ көмірсутек саласын трансформациялау мәселелері қаралуы мүмкін.
Орталық Азиядағы ең күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі – су ресурстарының тапшылығы мен трансшекаралық өзендер (Сырдария, Әмудария, Ертіс) бойындағы ынтымақтастық. Су мәселесі – ауыл шаруашылығына, экологияға және халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор. Саммитте су ресурстарын басқарудың аймақтық тетіктерін жетілдіру, ортақ экологиялық стандарттар мен деректер алмасу жүйелерін енгізу мәселелері талқыланбақ.
Тағы бір бағыт – өнеркәсіптік кооперация және технологиялық трансфер. Қытай — Орталық Азиядағы ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің бірі. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 41 миллиард долларға жетіп, рекордтық көрсеткішке ие болды. Енді осы серіктестікті өндірістік әріптестікке айналдыру, мысалы, бірлескен өнеркәсіптік аймақтар құру, агроөнеркәсіп, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және жаңа технологиялар бойынша жобалар әзірлеу күн тәртібінде тұр. Технологиялық трансфер мен адами капиталды дамыту саласында да ынтымақтастықтың жаңа бағыттары ашылуы мүмкін.
Саммитте аймақтық қауіпсіздік және экстремизмге қарсы күрес мәселелері де кеңінен талқылануы мүмкін. Орталық Азия – күрделі геосаяси ортада орналасқан аймақ. Терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон — мемлекетаралық үйлесімді әрекетті талап ететін ортақ қауіптер. Саммит аясында осы қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен стратегиялар әзірлеу, шекаралық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік пен ақпараттық қауіптерге қарсы іс-қимыл тетіктері келісімге түсуі ықтимал.
Саммит қазақ-қытай қарым-қатынасының тарихындағы тағы бір маңызды кезеңіне жол ашпақ. Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнаған болатын. Содан бері бұл байланыс тереңдей түсіп, стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Екі ел арасындағы ынтымақтастық бүгінде Орталық Азиядағы ең ауқымды, жан-жақты және қарқынды дамып келе жатқан серіктестіктердің бірі саналады.
2023 жылы Қытай мен Орталық Азия елдерінің өзара тауар айналымы алғаш рет 95 миллиард АҚШ долларына жетіп, тарихи рекорд орнатты. Бұл көрсеткіштің 46%-ы Қазақстанға тиесілі. Бұл – Қазақстанның аймақтағы басты экономикалық ойыншы ретіндегі орнын және Қытаймен терең сауда байланыстарын айқын көрсетеді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 41 миллиард доллардан асты. Атап өтерлігі, бұл көрсеткіштің жартысынан астамы шикізаттық емес тауарлар экспортына тиесілі. Мұндай құрылым еліміздің экономикалық әртараптандыру саясаты мен Қытай нарығына жоғары қосылған құны бар өнімдермен шығуға деген ұмтылыс көрінісі.
Қазіргі таңда Қазақстанда 1 300-ден астам қытайлық капиталдың қатысуымен құрылған кәсіпорын жұмыс істейді. Олар энергетика, мұнай-химия, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы сынды стратегиялық салаларда қызмет етеді. Бұл жобалардың көпшілігі тікелей шетелдік инвестициялар мен технологиялық трансфер арқылы жүзеге асып келеді.
Қытай – Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуына маңызды үлес қосып отырған мемлекеттердің бірі. Мысалы, Қорғас – шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы – екі ел арасындағы сауда-логистикалық әлеуетті арттыруға бағытталған бірегей жоба. Қытай – Еуропа бағытындағы контейнерлік тасымалдардың 80%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл еліміздің көлік-логистикалық хаб ретіндегі стратегиялық рөлін бекіте түседі. Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы жүк тасымалдау көлемі жылдан-жылға артып келеді. Бұл бағыт Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын Еуропамен байланыстыруда шешуші буынға айналды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік тек экономикамен шектелмейді. Екі ел тұрақты түрде аймақтық қауіпсіздік, экстремизмге қарсы күрес, шекаралық ынтымақтастық секілді мәселелерді күн тәртібінде ұстап келеді. Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) белсенді мүшесі ретінде Қытаймен ұдайы стратегиялық диалог жүргізіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайды жақсы білетін саясаткер ретінде екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп отыр. Оның Қытай тілін меңгеруі мен бұл елде ұзақ жыл елші болып қызмет етуі де өзара сенімді нығайта түскені анық.
Соңғы жылдары екі ел арасындағы білім беру, мәдениет, туризм және ақпарат салаларындағы байланыстар да кеңейіп келеді. Қытайда қазақ тілін оқытатын бөлімдер ашылып, Қазақстанда қытай мәдени орталықтары белсенді жұмыс істей бастады. Қытайға баратын қазақстандық студенттер саны жыл сайын артып отыр.
Қазақстан – Қытай қатынастары тек қос тарап үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің тұрақтылығы мен дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық әріптестік үлгісі болып отыр. Инфрақұрылым, сауда, өнеркәсіп, қауіпсіздік, мәдениет салаларындағы кешенді ынтымақтастық – екі елдің өзара мүддесіне де, аймақтың болашағына да қызмет ететін маңызды тетік.
Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси диалог бүгінде өзара сенім мен құрметке негізделген тұрақты стратегиялық әріптестікке айналды. Бұл қатынастың тереңдеуі мен мазмұнды болуына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі ерекше. Ол — Қытай Халық Республикасында жоғары білім алған, қытай тілін жетік меңгерген, Қытайда елші болып ұзақ жыл қызмет атқарған тәжірибелі саясаткер. Бұл өмірбаяндық ерекшелігі оны Шығыс көршімен диалог жүргізуде сенімді әрі тиімді тұлғаға айналдырды.
Мемлекет басшысы ретінде Тоқаев Қытаймен дипломатиялық, экономикалық және мәдени байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бастамашы болып отыр. Бұл сенімді серіктестіктің жарқын дәлелі ретінде 2022 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарын атауға болады. Бұл сапар барысында Си Цзиньпин Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын ашық қолдайтынын ресми түрде мәлімдеді. Әлемде геосаяси тұрақсыздық күшейіп тұрған кезеңде мұндай мәлімдеме – Қазақстан үшін өте маңызды саяси қолдау және аймақтық қауіпсіздікке бағытталған маңызды сигнал.
Сонымен қатар, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та жаңа серпінмен дамып келеді. Бүгінде Қазақстанда 5 Конфуций институты жұмыс істейді. Бұл орталықтар арқылы қазақстандық жастар қытай тілі мен мәдениетін терең меңгеріп, Қытаймен байланысты кәсіби салада жалғастыруға мүмкіндік алады. Ал Қытайда жыл сайын 1 000-нан астам қазақстандық студент білім алуда. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді, бұл екі ел арасындағы білім беру саласындағы сенімді диалогтың айғағы.
2023 жылдан бастап Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілді. Бұл шешім туризм, іскерлік қатынас, мәдени алмасу және халықтар арасындағы тікелей байланысты арттыруға зор ықпал етуде. Қазіргі таңда Қытай – Қазақстанға келетін шетелдік туристер саны бойынша алғашқы ондыққа еніп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы ұстанымы – көпвекторлы, теңгерімді және прагматикалық бағытты сақтау. Бұл – Қазақстанның халықаралық беделін сақтаудың, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және экономикалық өсімді ынталандырудың негізгі жолы.
Тоқаевтың саясаты әлемдегі күрделі геосаяси жағдайларға қарамастан, Қазақстанды бейтарап, сенімді және ашық серіктес ретінде танытуды көздейді. Осы ұстаным Қытаймен қарым-қатынаста да айқын көрінеді. Президент Қазақстанның Қытаймен тек экономикалық емес, экологиялық, су және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты стратегиялық бағыттар бойынша да ортақ шешімдерге ұмтылатынын үнемі айтып келеді.
Мысалы, трансшекаралық өзендер – Іле мен Ертіс бойындағы ресурстарды әділ пайдалану мәселесі Қазақстан үшін өмірлік маңызды. Тоқаев Қытаймен осы мәселені көпжақты диалог арқылы шешуге мүдделі екенін және бұл ретте ұлттық мүддеден еш айнымау қажеттігін ашық білдіріп келеді.
Сондай-ақ, жасыл энергетика, көміртекті төмендету, климаттың өзгеруіне қарсы күрес секілді жаһандық күн тәртібіндегі мәселелерде де Қазақстан мен Қытай өзара келісім мен ортақ жобалар арқылы бір-бірін толықтырып келеді. 2024 жылы Қазақстанда іске қосылған жасыл сутек өндірісін дамыту жөніндегі қытайлық жобалар – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі.
Қорыта айтқанда, 2025 жылы Қазақстанда өтетін «Орталық Азия – Қытай» саммиті – еліміздің дипломатиялық салмағының, аймақтық көшбасшылық рөлінің және сыртқы саясаттағы іскер белсенділігінің айқын дәлелі. Бұл саммит тек мемлекетаралық байланыстарды тереңдетіп қана қоймай, Орталық Азияны тұтас өңір ретінде дамытудың жаңа көкжиегін ашатын маңызды алаңға айналуы тиіс.
Қытаймен серіктестік арқылы Қазақстан жаңа технологиялар мен нарықтарға жол аша алады. Ал бұл байланыс ұлттық мүдде мен егемендікті сақтау негізінде жүргізілуі тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саяси ұстанымдары осы тепе-теңдікті ұтымды үйлестіріп отыр. Саммиттің табысты өтуі – Қазақстанның бейбітшіл, сындарлы және жаһандық серіктестікке ашық ел екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.