БҚО-да азаматтарды дропперлікке тартқан қылмыстық топ әшкереленді
БҚО-да азаматтарды дропперлікке тартқан қылмыстық топ әшкереленді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Қаржы мониторингі агенттігі банктік шотты заңсыз иеленіп, оны басқару арқылы рұқсат етілмеген төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Ұйымдастырушылар уақытша табыс табу ретінде жастарға екінші деңгейлі банктерден өз атына шот ашуды ұсынған. Интернет-банкингтің мобильді қосымшалары орнатылғаннан кейін шоттарға кіру қылмыскерлердің бақылауына өткен. «Дропперлер» 200 доллардан 350 долларға дейін сыйақы алып отырған. Заңсыз айналымдағы қаражаттың жалпы көлемі 17 млн теңгеден астқан.
Банктік картасы бұғатталғаннан кейін бір дроппер заңсыз әрекеттерге қатысудан бас тартқан. Қылмыстық топтың қатысушылары оны күштеп ұстап, қорқытқан.
Қазіргі уақытта ұйымдастырушы күдікті ретінде танылып, соттың санкциясымен қамауға алынған.