Депутат: Тілімізді таптаған Черчесовке 80 млн теңге төлеп отырмыз
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Бас прокурор Берік Асылов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Асқар Жұмағалиға футболдағы жемқорлық туралы сауал жолдады. Депутаттың айтуныша, 2018-2023 жылдары «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы «Астана» футбол клубына 50,1 млрд теңге, «Барыс» хоккей клубына 48,8 млрд теңге, «Astana Qazaqstan Team» велосипед клубына 31,5 млрд теңге бөлген. Яғни, квазимемлекеттік сектордан 4 клубқа ғана 6 жылда 138 млрд теңге жұмсалған, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Футболды дамысын деп қанша қаржы бөлсек те, футбол емес, жемқорлық дамып жатыр. FIFA рейтингісі бойынша 110-130-орындардан аса алмай келеміз. Ал футболдағы «келісілген ойындар» саны бойынша әлемдік рейтингіде 4-орындамыз. Төрт ойында қақпасына 8 гол кіргізіп, ойсырай жеңілген, бір де бір жеңіске жетпеген футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері С.Черчесовке біздің Ә.Бәрменқұлов басқаратын Қазақстан футбол федерациясы 640 млн тг төлейді дейді. Осы 640 млн теңгені 8 голға бөлейік. Сонда біз пұлымызды мақтайтын, тілімізді таптайтын Черчесовке қарсыластың емес, біздің ұлттық құраманың қақпасына салғызған әр голы үшін 80 миллион теңге төлеп отырмыз», - деп кіжінді депутат, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Қазыбек Иса Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі барлық спорт федерациясы мен кәсіби спорт клубтарына ревизия жүргізу керек деп отыр.
«Кәсіби спорт, футбол – бұл негізі бизнес. Сондықтан бюджетке байланған футбол және басқа да кәсіптік клубтардың барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет. Мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, ұлттық спортқа, бұқаралық спортқа жұмсалуы керек. Осы уақытқа дейін мемлекеттен жалпы спортқа, соның ішінде футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс. Өйткені, ол халық қаржысы», - деді Мәжіліс депутаты.