Депутаттар БАҚ-та ЛГБТ туралы жазуға тыйым салуды ұсынды
AMANAT партиясы Мәжілістегі фракциясының депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Асхат Аймағамбетов «Масс-медиа туралы» заңға ЛГБТ өкілдері туралы БАҚ-та жазуға тыйым салатын түзетулер ұсынды, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Мәжілістегі жұмыс тобы отырысында ұсынылған бастамаларға тоқталсам, бұл жерде мәселе ақпаратқа тыйым салу туралы емес, оны бір жақты насихаттауда болып тұр. Біржақты түсіну мен насихаттауды қарама-қайшы қоймай, оны инклюзивтілік бағытта қабылдау керек», — деді Мәжіліс депутаты.
Оның атап өтуінше, кез-келген мәселені объективті жария етуден үгіт-насихатты келесі белгілер бойынша ажыратуға болады:
— Үгіт-насихат қоғамдық пікірді белгілі бір бағытта қалыптастыруға немесе өзгертуге бағытталған. Ал жария ету ақпаратты өз бетінше талдау және қорытынды жасау үшін беруге тырысады;
— Үгіт-насихат ақпараттың жағымды көрінісін пайдаланады, мақсатты фактілерге назар аударады. Ал объективті жария ету мәселенің әртүрлі жақтарын, соның ішінде әртүрлі пікірлер мен дәлелдерді ұсынуға тырысады;
— Фактілерді тексеру. Жария ету аясында берілген ақпаратты дербес тексеруге болады. Ал үгіт-насихатта көбінесе жалған мәлімдемелер болады және оларды растау қиын, кейде мүмкін емес;
— Тепе-теңдік және көпжақтылық. Мәселені объективті түрде жариялау — тепе-теңдікке және әртүрлі көзқарастарды ұсынуға тырысады. Ал үгіт-насихат көбінесе бір жақты және белгілі бір идеологияны ілгерілетуге бағытталған.
«Сондықтан, жаңалықтар сипатына ие ақпарат, айтып отырған үгіт-насихат болмайды. Жалпы, бұл бастама көптеген қазақстандықтардың өтініштері бойынша көтерілгенін ескеру қажет. Біз зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінде жазаны күшейтетін заң қабылдадық және сіз осы заңдарға қарсылық білдіргендер де аз емес екенін білесіз. Бірақ біз зорлық-зомбылыққа төзбеушілік танытуымыз керек. Сонымен қатар қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін идеяларды насихаттамауымыз қажет. Жалпы, бұл түзету қабылданған жоқ, әлі пысықталуда», — деді Жанарбек Әшімжан.