Елімізде жылына 25 мыңға жуық нәресте шала туады
Жыл сайын әлемде 15 миллион сәби, ал Қазақстанда 25 мыңға жуық нәресте шала туады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл статистиканы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жария етті.
Педиатрия орталығының Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінің меңгерушісі Айжан Байғұттиеваның айтуынша, әлемде жылына 15 млн нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Ал, біздің елде жыл сайын 25 мыңға жуық сәби шала туады екен.
«Жыл сайын бөлімде әртүрлі патологиямен республиканың әр өңірінен 400-ге жуық нәресте емделеді. Олардың 80 пайызының салмағы 700 – 2500 граммға дейін. Жүктіліктің 25-35 апталығына туған сәбилер. Медицина мамандары 2022 жылы түрлі патологиямен дүниеге келген 300-ден аса сәбиді ажал аузынан аман алып қалса, биыл жыл басынан бері 350-ге жуық шақалақты күтіп баптады. Бөлім 20 төсек орынға арналған. Дене салмағы 1000 грамм ғана болатын шала туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі айтарлықтай өсті. Шала туған нәрестелердің өлім-жітімі 3-4 есеге төмендеді», - деді Педиатрия орталығының Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінің меңгерушісі Айжан Байғұттиева.
Айтуынша, бөлімде неонатологтар, неонаталды хирургтер және офтальмо-хирургтар жұмыс істейді.