Мүфтият марқұмдарды ЖИ арқылы «тірілтуге» қатысты үкім шығарды

2 қараша 2026 16:26 / Новости Казахстана

Мүфтият марқұмдардың бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандыруға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қазір жасанды интеллект көмегімен қайтыс болған адамдардың суреттерін қозғалысқа келтіріп, дауысын ұқсатып, сөйлетуге мүмкіндік бар. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай әрекеттің шариғаттағы үкіміне қатысты пікір білдірді.

Мүфтияттың түсіндіруінше, марқұмның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандыруға оның мақсаты мен қолданылу жағдайына қарай баға беріледі.

Егер технология адамды сағынып, оны жақсы естеліктермен еске алу үшін қолданылса, бұған рұқсат етіледі. Мұндай әрекет шариғатқа қайшы емес.

Алайда марқұмның бейнесін жандандыру адамның өткен шаққа байланып қалуына, шынайы өмірден алшақтауына немесе қайғысын қайта күшейтуіне себеп болса, мұндай әрекетке тыйым салынады. Сондай-ақ бұл марқұмның жақындарына рухани және психологиялық зиян келтіруі мүмкін.

Бұдан бөлек, жасанды интеллект арқылы марқұмға көзі тірісінде айтпаған сөздерді айтқызу немесе оның атынан жалған ақпарат таратуға қатаң тыйым салынады.

Серіктес жаңалықтары