Ер адам қызғаныштан әйелі мен 2 адамды өртеп жіберген
Ер адам қызғаныштан азаматтық некедегі әйелі мен екі еркекті өртеп жібергені үшін 25 жылға сотталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Солтүстік Қазақстандағы Полтавка ауылында үй өртеніп, ішінен 58 жастағы үй иесінің және 44, 46 жастағы екі ер адамның денесі табылды. Ер адамдардың бірі - қонақ, ал екіншісі – қаза тапқан әйелдің күйеу баласы. Өрт кезінде 35 жастағы әйел үйден шығып үлгерген.
Бұл факт бойынша қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігімен (Екі немесе одан көп адамды өлтіру) тергеу басталды. Кейін өртте қаза болған әйелмен бірге тұратын жергілікті қойшы күдікті ретінде ұсталды.
“Сотталушының үйінде азаматтық некедегі әйелі, оның қызы мен күйеу баласы және оның досы болған. Ер адам сүйіктісін қонақтан қызғанып, жанжалдасқан. Ол мас күйде үйден шығып, сүйіктісі мен екі ер адамды өлтірмек болып кіреберістің есігін балтамен тіреп, жауып кеткен. Сөйтіп есіктің астына ағаш қабығын қойып, өрт қойған”, - деді судья Ерлан Нұршарыпов.
50 жастағы айыпталушы 25 жылға сотталды.