Еуроодақтың ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бағдарламасы Орталық Азиямен ынтымақтастықты жалғастырмақ

24 қараша 2024 9:00 / Новости Казахстана
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Еуропалық одақтың ғылыми зерттеу және инновацияларды қаржыландыру бағдарламасы Орталық Азиямен ынтымақтастықты жалғастырады. Ташкентте өткен семинарға қатысқан аймақ елдері мен еуропалық мамандардың ойы осыған саяды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Horizon Europe» — Орталық Азия аймағына кең танымал бағдарлама. Бұған дейін ол өңірдегі 42 жоба мен 62 ұйымды қаржыландырған. Ғылыми зерттеу және инновациялық бастамалардың бір парасы елімізде де жүзеге асты, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Назарбаев университетінде „Horizon Europe“ аясында жасыл энергетика саласында жаңа жобалар қолға алынды. Инженерия және химия мектебі өз өтінімін жолдап, жеңіске жетті. Одан бөлек, осы оқу орнының мемлекеттік саясат мектебінде әлеуметтік-гуманитарлық бағыттардағы зерттеулер қолдау тапты», — деді Ғылым қоры басқарма төрағасының орынбасары Әлия Сембаева.

Қазір бағдарламаның жаңа кезеңіндегі жобалар қаржыландырылып жатыр. Ұйымның 2027 жылға дейінгі жалпы бюджеті 95,5 млрд еуро шамасында. Қазақстан және Өзбекстан ғалымдарына соның бір бөлігі ұсынылады.

Ташкенттегі семинар барысында «Horizon Europe» өкілдері халықаралық ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Конкурсқа қатысу және ғылыми еңбекті жетілдіру жолдары түсіндірілді.

«Бағдарламаның мүмкіндіктері кең. Барлық салаға қаржы тартуға болады. Алайда, біз тұрақты энергетика саласына басымдық беріп отырмыз. Қазақстан мен Өзбекстанның сол бағытта ұсынатын жобалары бар. „Horizon Europe“ халықаралық ынтымақтастық негізінде ғалымдардың энергетика саласындағы зерттеулері мен инновацияларын айтарлықтай ілгерілетуге жәрдемдеседі», — деді «SECCA» жобасының еуропалық бағдарламалар бойынша сарапшысы Наталья Шатиришвили.

Былтыр мұндай басқосудың алғашқысы Қазақстанда ұйымдастырылды. Алдағы уақытта ол Өзбекстаннан бөлек, Түрікменстан және Қырғызстанда жалғасын табады. Осы ретте Еуроодақ өкілдері Орталық Азиядағы энергетиканы дамытуға атсалысып, ғалымдардың бастамасын қолдайтынын жеткізді.

«Бұл іс-шара еуропалық көкжиек бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіруге арналды. Бұл ретте еуроодақтың қаржыландыруымен жұмыс істейтін „SECCA“ жобасы үшін тұрақты энергетиканы дамыту маңызды екенін айтқым келеді. Өз кезегінде біз бағдарламаның бесінші кластері — климат, энергетика және көлік бағытымен жұмыс істеуді ұсынамыз. Семинар екі елдің ғалымдарына сол бағыттағы жұмысты жүйелеуге, тәжірибесін арттыруға жол ашады», — деп тоқталды «SECCA» жобасының энергетикалық сектор бойынша сарапшысы Илзе Пуриня.

Серіктес жаңалықтары