Ілияс Жансүгіровтің ешкімнің қолына түспеген кітабы табылды

15 желтоқсан 2023 11:12 / Новости Казахстана

Алматы қаласының тұрғыны, кинорежиссер Ербол Бораншаұлының жеке кітапханасынан Ілияс Жансүгіровтің төте жазумен жазылған «Өтірік» атты өлеңдер жинағы табылған, - деп хабарлайды Arbat.media.

1927 жылы Мәскеу баспасынан шыққан кітап Ілияс Жансүгіров атындағы облыстық әдеби мұражайға өткізілген. Сүйінші хабарды мұражай меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Жансүгіров оқулары» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында мәлім қылды. Айтуынша, бұл – бұрын-соңды ешкімнің қолына түспеген түпнұсқа кітап, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген Ілиястанушы ғалымдар мен студент жастар қатысқан конференцияда І.Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығы жан-жақты талқыланды.

Жиында баяндама жасаған ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор, филологтарды даярлау жөніндегі доцент Шара Қияхметова бұрынғы зерттеу жұмыстарында табылған бірқатар дүдәмал деректі атап өтті.

«Батыр Қалмырзаевтың «Ілияс Жансүгіров және «Қазақ» газеті» атты мақаласында Ілияс деп көрсеткен 1914-1916 жылдар аралығында «Қаптағай» атты бүркеншік атпен «Қазақ» газетінде жарияланған, қазақ халқының империалистік соғысқа және әскери салық төлеуге қатысы туралы мақала Біләл Сүлеевке тиесілі. Ақын өмірбаянына сәйкес ол өзінің алғашқы мақаласын 1921 жылғы 22 наурыздағы «Жас алаш» газетінде «Замандастарына Жолдау» деп атайды. Ол туралы: «1931 жылғы «Жаңа әдебиет» журналының 6-7 санында жарияланған өмірбаянында Ілияс өзінің қалам жұмысына 1920 жылдан бастап араласа бастағанын жазған», деді Ш.Қияхметова. Сондай-ақ фотоархивтерде бейнеленген тұлғаларды сәйкестендіру арқылы дәлелдерін келтірді.

 

Серіктес жаңалықтары